Шымкент басшысы бірқатар білім беру нысандарын аралады

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бірқатар білім беру нысандарын аралады. Атап айтқанда, №4 балалар музыка мектебі, Әл-Фараби атындағы №113 жалпы білім беретін мектебі және М. Мәметова атындағы №111 мектептерінде болды. Сондай-ақ жаңа “Оқушылар сарайының” құрылысын тексерді. Оқу орындарының ғимараты мен кабинеттерін, жалпы материалдық-техникалық базасын тексеріп, алдағы даму жоспарымен танысты.

Қазіргі таңда 120 орынға лайықталған музыка мектебі жалға алынған ғимаратта жұмыс істеп жатыр. Алайда, жергілікті тұрғындардың басым бөлігі баласын осы мектепке бергендіктен, бұдан артық оқушыларды қабылдау мүмкіндігі жоқ.

Әкім №113 және №111 мектептердің бос ғимараттарын да көріп шықты. Сараптама қорытындысы оларды апатты жағдайда деп танығанымен, визуалды тексеру барысында бұл күмән тудырды. Осыған байланысты ғимараттардың техникалық жағдайына қайта сараптама жүргізуді тапсырды. Нәтижесіне қарай, музыка мектебінің балансына беру мүмкіндігі қаралады.

Айта кететін жайт №113 мектептің қарамағында тұрған бір гектардан астам аумақтағы бос жатқан жеміс бағы бар. Салалық басқарма бұл аумаққа жаңа музыка мектебін салуды ұсынды. Алайда, жасыл желекті сақтап, аумақты абаттандыру мақсатында жауапты мамандарға ағаштарды кеспей, бақты мектеп балансынан қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына өткізуді тапсырды.

Сонымен қатар, “Оқушылар сарайының” құрылысында болып, құрылыс жұмысын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Шаһар басшысы кезекті аралау қорытындысы бойынша аудан әкімдігі мен жайлы ортаны дамыту басқармасына аулаларды тазарту және ағаштарды санитарлық кесу жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ көше жарығы мәселелерін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Еске сала кетсек, осыған дейін қала басшысы құрылысы жүріп жатқан нысандарды да аралаған болатын. Атап айтқанда, «Нұршуақ» және «Жұлдыз» шағынаудандарында салынып жатқан заманауи мектептердің құрылысында болып, жұмысын тексерді. Бұл оқу орындары пайдалануға беруге дайын. Ал үздіксіз білім беру процесін қамтамасыз ету мақсатында сабақ оқу жылының екінші тоқсанынан басталады. Жұмыс барысымен танысқан әкім мердігерлерге бірқатар ескертулер жасады және оны қысқа мерзім ішінде жою бойынша тапсырма берілді.

Бұдан бөлек әкім, «Жаңаталап» тұрғын алабында салынып жатқан жаңа көпірдің құрылысымен танысты. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 80%-ы аяқталған. Жақын арада көлік қозғалысын ашу жоспарланған

Сондай-ақ, Абай саябағындағы скейт-паркте болды.Бұл жерде де Аудан әкімі мен энергетика басқармасына қосымша жарықтандыру бойынша нақты тапсырма берді.

Шымкент үшінші мегаполис дәрежесін иеленгелі қалада құрылыс қарқыны артты. Көлік кептелісін азайту бағытында үш жолайрық пайдалануға берілді. “Бекжан базары”  маңы, Қонаев-Рысқұлов және Бәйдібек-Арғынбеков көшелері қиылысындағы жолайрықтың шарапатын көрген шымкенттіктер разы. Жолайрық расында жолдағы бөгелісті азайтты. Қала әкімі тапсырмасына сай соңғы жылдары көше қиылыстарында оң жаққа өткел жолдар көптеп ашылуда. Бұл да кептелісті кемітуге мүмкіндік берді. Жол азабын азайтуға жасалған амалдар көптеп қарастырылуда.  Бәйтереков көшесінің жалғасы ретінде Алтынсарин көшесін кеңейту ісі қолға алында. Бұл жаңа жол құрылысы пайдалануға берілсе, Тұран мөлтек ауданына қарай жүретін көлік нөпірін азайтары анық. Тағы, Өтегенов көшесі созылып, Асар шағын ауданына жол пайдалануға беріледі. Жаңа жол салу үшін жеке меншік тұрғын үйлерді бұзып, оны мемлекет мұқтаждығына алу оңай болған жоқ. Біреу келісті, біреу келіспеді. Соттасқан сәттер де болды. Әйтеуір, түбі нәтиже беріп, Өтегенов көшесі  “Қайтпас-1”  арасын қиып өтіп, “Асар” мен “Шымкент Ситиге” баратын жол қазан айының соңында пайдалануға берілетін болады”- дейді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Өмір Қалыбаев.

 «ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin