Шаһардың қалалық №2 ауруханасының перзентханасында алғаш рет жаңа әдіспен ота сәтті жасалды. Мәскеу қаласында тәжірибе алмасып келген акушер-гинеколог дәрігерлер бұл әдісті тәжірибеге енгізді.
Бұрын жатырда плацентаның аномальды орналасуы кезінде операциялар өте күрделі болатын. Науқастардың 4-5 литрге дейін қан жоғалтуы жиі кездесетін, ал жаңа әдіс арқылы бұл көрсеткіш 800 мл-ден аспайды немесе одан да аз болуы мүмкін. Бұл әйел ағзасы үшін өте маңызды, себебі қан жоғалту әйелдің жағдайын ауырлататын ең басты факторлардың бірі.
Сонымен қатар, бұрынғы әдіс кезінде жатырдың толық ампутациясы жиі жасалатын. Бұл әйелдерге психологиялық және физикалық тұрғыдан кері әсер ететін. Енді жаңа әдіс арқылы жатырды сақтап қалуға болады, бұл болашақта әйелдің ана болу мүмкіндігін де сақтайды.
Операция уақыты едәуір қысқарды, бұл науқастың анестезияда аз уақыт болуын және отадан кейін тезірек қалпына келуін қамтамасыз етеді. Бұрынғы әдістерде баланың гипоксияға ұшырауы мүмкін болса, енді бұл тәуекел де айтарлықтай азайды. Нәтижесінде, сәби сау және толыққанды күйде туылады.
Қан құю да үлкен мәселе болатын. Осыған дейін әйелге көп мөлшерде қан құю қажет болса, енді бұл операцияда бір дозасы жеткілікті. Бұл да науқастың тез сауығуына ықпал етеді.
Операциядан кейін әйел реанимация бөлімінде 7-8 күнге дейін жатып, баласын емізе алмай қиналатын. Өмір мен өлімнің арасында жатқан пациент үшін бұл кезең өте ауыр болатын. Ал жаңа әдіс бойынша отадан кейін әйел 3-4 сағат ішінде реанимациядан шығып, баласын бірден емізе алады. Бұл ана мен баланың қарым-қатынасын да жақсартып, олардың тез сауығуына септігін тигізеді.
Айта кету керек, Шымкент қаласындағы №2 аурухана күрделі ота жасаудан тайсақтамай, сырқат жандарды сауықтырып шығуымен аты шыққан. Мұндағы дәрігерлер білімін үздіксіз жетілдіріп, тың әдістерді тәжірибеге енгізіп отырады.