Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың тұрғындармен көшпелі кездесуі Еңбекші ауданында жалғасты. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қала әкімі Еңбекші ауданындағы Шаңырақ, Тұрдыабад Базарқақпа, Абдулабад шағын аудандары мен тұрғын алаптарының азаматтарымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар коммуналдық қызметтердің жұмысы, электрмен жабдықтау, қаңғыбас иттер, автобус аялдамалары мен жол белгілерін орнату және көше жарықтандыру мәселелерін көтерді.
Сонымен қатар, тұрғындар жер учаскелерін заңдастыру, көшелерді көгалдандыру, жол мен спорт алаңдарын салу, қоғамдық көлік және кәсіпкерлік нысандарының қызметіне қатысты мәселелерді де қозғады.
Кейбір мәселелер сол жерде шұғыл шешімін тапса, күрделі мәселелер бақылауға алынып, заң аясында кезең-кезеңімен шешілетін болады.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков аудан әкімдігі мен басқарма басшыларына қала тұрғындарының өзекті мәселелерін шешуге ерекше назар аударуды, сондай-ақ оларды жедел әрі тиімді шешу шараларын қабылдауды тапсырды. Барлық күш-жігер ең алдымен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.
Сонымен қатар, «Базарқақпа» тұрғын алабындағы көшпелі кездесу барысында жергілікті тұрғындардың күшімен жасалған жасыл аймақты аралап көріп, қолайлы микроклимат қалыптастыру және жайлы жағдай жасау үшін жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Оның ішінде жаяу жүргіншілер жолдарын қарастырып, қоршау мен бейнебақылау камераларын орнату мәселесі бойынша жауаптыларға бірқатар міндеттер қойылды.
Еске сала кетейік, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үнінен құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес Шымкент қаласында тұрғындармен көшпелі кездесулердің жаңа форматы қолға алынған болатын. Кездесу — әр жұмыс күні бір аудан тұрғындарына арналып, азаматтарға өздерін толғандырған мәселелерді тікелей көтеруге мүмкіндік береді.
Президенттің пікірінше, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғалы бес жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениетін өзгерте алдық. Пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі және түрлі диалог алаңдары пайда болды.
«Мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастырды. Олар жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмыс істей бастады. Дегенмен, мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек. Өтініштерді қарауға қатысты жұмыстың бірыңғай экожүйесі қалыптаса бастағаны өте маңызды. Бұл жүйе халықтың қажеттілігі мен талап-тілегін нақты біліп отыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдар өз жұмысын жетілдіру үшін азаматтардың өтініштерін талдауға көбірек назар аударуға тиіс», — деген болатын Президент жуырда халыққа арнаған Жолдауында.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр.
«ANYQ.KZ-ақпарат»