Франция астанасы Парижде өтетін Жазғы олимпиада ойындарына Қазақстаннан 80 спортшы баратын болды. Төрт жылда бір келетін әлем додасына Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 25 түрінен 92 лецензия иеленген.
Солардың қатарында шымкенттік спортшыларымыз да бар. Олар аламан жарысқа қатысу үшін спорттың 8 түрінен 12 лицензия жеңіп алды. Енді олар Париж төрінде ел намысын қорғау үшін бақ сынасып, өз өнерлерін көрсетеді.
Осыған орай қала әкімі Ғабит Сыздықбеков 33-ші жазғы Олимпиада ойындарына қатысушы қаламыздың спортшыларымен кездесті.
Кездесу барысында шаһар басшысы спорт саласы әрдайым мемлекеттің назарында екенін атап өтті .
Олимпиада ойындарына дайындалу үшін де барлық қажетті жағдай жасалғанын мәлімдеді. Ендігі міндет – қазақстандық спорттың әлеуетін барша әлемге тағы бір мәрте дәлелдеп, ел намысын қорғау екендігін айтты.
Кездесу соңында қала басшысы спортшыларға сәтті өнер көрсетуді және жеңіспен оралуды тіледі!
Қаланың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, 4 бағытта жұмыс жоспарлары белгіленген. Дене шынықтыру және спортпен айналысатын азаматтардың санын жалпы халықтың 50 %-ына дейін жеткізу – басты жоспарда.
Бүгінде үшінші мегаполисте 33 спорттық ұйым жұмыс істеп тұр. Оның 16-ы балалар-жасөспірімдердің және біреуі мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебі. Одан бөлек, жоғары спорт шеберлігіне арналған, Олимпиада резервін даярлау орталығы, кәсіби спорт клубы, су-спорт кешені мен мемлекеттік жеке әріптестік аясындағы спорт нысандары бар. Аталған мекемелерде спорттың 74 түрі дамытылып келеді. Оның 37-і олимпиадалық, 28-і олимпиадалық емес және 9 ұлттық спорт түрлері. Сондай-ақ 18 490 спортшы оқу-жаттығу сабақтарын жүргізіп жатыр.