2024 жылы Қаратау ауданы аумағында жалпы 45 көшеге 33,2 км. асфальт төсеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар. Аталған жұмыстардың аяқталуына орай, асфальттанған көшелер 77,6 % құрайтын болады.
Көпқабатты тұрғын үйлер аулалары мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бейберекет қоқыс тастау мәселесін алдын алу мақсатында цифрландыру басқармасы тарапынан 2024 жылы 130 бейнекамера орнату жоспарланып отыр.
Аталған бейнекамералар полиция департаментінің жедел басқару орталығына жалғану жұмыстары да жүргізілетін болады. Бұл туралы Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі Рахымберді Мүлкеманов мәлімдеді.
Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі Рахымберді Мүлкемановтың БАҚ өкілдерімен өткізген кезекті брифингінде 2024 жылдың І тоқсанында атқарылған жұмыстар жөнінде қысқаша баяндады. Жалпы ауданда инфрақұрылым жүйелерін дамыту, абаттандыру, жарықтандыру мен жолдарды жөндеу негізгі жұмыстары туралы айтты.
Инфрақұрылыммен қамтамасыз ету кезең-кезеңімен атқарылып, ауданды ауыз сумен қамту көрсеткіші 98 пайызға жеткен. 2023 жылы Сайрам, Қызылсу және Бозарық елді мекенінің жаңақұрылыс аумағында ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары басталған. Жұмыстар осы жылы аяқталады деп күтілуде. Бұл жұмыстардың аяқталуына орай, ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайды.
Электр жарығымен қамту көрсеткіші 98 пайыз. 2023 жылы Бозарық саяжайының жаңақұрылыс аумағына электр жарығының құрылыс жұмыстары басталған. Қазіргі таңда, аталған аумақта абоненттеу жұмыстары атқарылуда. Жұмыстардың аяқталса, қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайды. Тассай тұрғын алабы, Бозарық саяжайы жаңқұрылыс аумағын табиғи газбен қамту жұмыстары жүруде. Жұмыстарды 2024 жылдың III тоқсанына дейін аяқтау жоспарланған. Жоспарланған іс бітсе, табиғи газбен қамту көрсеткіші 98 пайыз болады.
2024 жылы халық қатысатын бюджет жобасы аясында көп қабатты үй аумағында 5 аула мен 9 ашық спорт алаңшасын салу жоспарланған. 2025 жылдың соңына дейін көп қабатты үй аулаларын 100 % абаттандыру жоспарланған.
Сондай-ақ, 2024 жылға дейін аудан аумағындағы 266 көшені жарықтандыру жоспарланған. Аудан аумағында жалпы 45 көшеге асфальт төсеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.