
Шымкентте ҚР Қорғаныс министрлігінің 35748 әскери бөлімінде аумақтық қорғаныс бригадасына Жауынгерлік Туды тапсыруға арналған салтанатты іс-шара өтті.
Тапсыру рәсіміне Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары-ҚР Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов, қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов, бөлім командирлері, Шымкент гарнизонының әскери қызметшілері, ардагерлер, сондай-ақ «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы мен «Алан» халықаралық мектебінің оқушылары қатысты.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары әскери қызметшілерді құттықтап, Қазақстан Республикасының Президенті — ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың грамотасының мәтінін оқыды.
«Жауынгерлік ту әрбір әскери қызметшіге Отанды қорғаудың батырлық дәстүрлері мен қасиетті борышын еске салады. Жауынгерлік ту-әскери бөлімнің тарихы мен сіңірген еңбегінің, сондай-ақ оның Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне тиесілілігінің куәлігі. Әскери ар-намыс пен ерліктің, даңқтың нышаны әрқашан биікте желбіресін»,-деді генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов.
Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары өзінің құттықтау сөзінде Жауынгерлік Туды тапсыру әрқашан үлкен құрмет пен мақтаныш екенін атап өтті.