![](https://anyq.kz/wp-content/uploads/2024/10/ca38402c51d6602f2b929ee6367cc382-880x528.jpg)
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес бұдан былай қоғамдық көлікте жол ақысы тек электронды түрде қабылданатын болды.
Биылдан бастап Шымкент қаласының қоғамдық көліктерінде қолма-қол төлем қабылдау жүйесі толығымен жойылып, тек электронды төлем түрлері ғана қолданылады. Бұл шешім жолаушылардың қауіпсіздігін арттыруға және көлік жүргізушілерінің назарын жол қозғалысына толық аударуға бағытталған маңызды қадам.
Қала әкімінің тапсырмасымен қолма-қол төлем жойылып, төлемдерді тек көлік картасы, QR код, СМС, банк карталары, арнайы қосымшадан NFC және Apple Pay, Google Pay, Samsung Pay арқылы жасауға болады.
Бұған дейін қоғамдық көлікте қолма-қол төлем түрін жүргізушінің өзі жүргізетіндіктен, көлік құралын басқарудан алшақтауға мәжбүр болатын. Бұл жолаушылардың, жол қозғалысының басқа да қатысушыларының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Оған қоса, қоғамдық көлік жүргізушісі мен жолаушылар арасында жиі түсініспеушіліктер орын алатын. Жыл басынан бері қоғамдық көлік бойынша түскен 6 мың арыз-шағымның 3 мыңнан астамы жүргізушілерге қатысты. Оның ішінде, жолаушыларды қолма- қол ақшамен төлеуге мәжбүрлеу, қасақана есіктерді ашпау жайттары тіркелген.
Қазіргі талдауларға сәйкес, автобустарда төлемдердің 97%-ы электронды түрде жүзеге асырылған, ал қалған 3%-ы қолма-қол ақшамен төленген. Бұл көрсеткіш электронды жүйенің жолаушылар үшін тиімді екенін көрсетеді.
Өзгерістердің нәтижесінде көлеңкелі ақша айналымы, қоғамдық көліктердің кешігуі және жол-көлік оқиғаларының саны азайту күтілуде. Бүгінде қалада 80 тұрақты маршрутта күнделікті 947 автобус жолаушыларды тасымалдауда.
«ANYQ.KZ-ақпарат»