Шымкент: Қоғамға ең қажетті маман иелерінің біліктілігін арттыруға бағытталған жобаның аймақтың кезеңі қорытыланды

23 — 27 қыркүйек күндері аралығында қаладағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттері арасында «WorldSkills Shymkent — 2024» кәсіби шеберлік чемпионатының аймақтық кезеңі өтті. Чемпионаттың мақсаты – жұмысшы және кәсіби мамандықты дәріптеу, мамандықтардың танымдылығын және қоғамдағы беделін көтеру, бизнес өкілдерінің жұмысшы мамандығына қызығушылығын арттыру. Бүгін аймақтық чемпионат қорытындыланып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.

WorldSkills – жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға негізделген халықаралық жоба. Кәсіптік-техникалық мамандықтың деңгейін арттыратын жобаға еліміздің жастары қатысып, халықаралық деңгейде үздік нәтиже көрсетіп келеді. Жоба шеңберінде қоғамға ең қажетті маман иелерінің біліктілігін арттыру жоспарланған.

«WorldSkills Shymkent — 2024» кәсіби шеберлік чемпионатының аймақтық кезеңінде 42 құзыреттілік бойынша 221 үміткер бақ сынады. «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», «Өндірістік және инженерлік технологиялар», «Қызмет көрсету саласы», «Білім беру», «Медицина», «Шығармашылық және дизайн», «Құрылыс индустриясы», «Көлік және логистика» бағыттары бойынша үздіктер анықталды. Чемпионат қатысушыларының конкурстық жұмыстарын қала аумағындағы кәсіпорындардың жетекші мамандарынан құралған тәуелсіз сарапшылар бағалады.

Диас Бабиров бүгін студенттер арасында үздік атанды. Ол 1 апта көлемінде өткен «WorldSkills Shymkent-2024» кәсіби шеберлік чемпионатында веб-технологиялар құзыреттілігі бойынша бақ сынады.

Үш күнге созылған модульдерде берілген тапсырмаларды мінсіз орындауға тырыстым дейді ол. Алғашқы күні студент сайт ашып, оны ресми тіркеп, құрылымын жасақтап, кестелерін түзген. Ал екінші блокта тұтынушылар сайтты қиындықсыз қолдана алуы үшін авторизация жасапты. Дегенмен, әлемдік стандартқа сай сайт жасап шығару қиынға соқты дейді ол.

Бүгінгі іс-шарада білім басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Нұрдәулет Абылаев халықаралық жобаның ұтымды тұстарына тоқталып, жеңімпаздарды марапаттады. Н.Абылаев бүгінде инновациялық кәсіпорындар ашылып жатқанын, оған жұмысшы мамандар керек екенін айтты.

Енді аймақтық чемпионат жеңімпаздары биыл қараша айында өтетін республикалық сайысқа жолдама алды. Айта кетсек, «WorldSkills Shymkent — 2024» кәсіби шеберлік чемпионаты барысында 9-11 сынып түлектері үшін «Ашық есік» күндері ұйымдастырылды. Мектеп оқушыларына колледждердің материалдық-техникалық базасы мен жетістіктері таныстырылып, инновациялық жобалар көрмесі өткізілді.

Айта кетейік, өткен жылы шымкенттік үш студент халықаралық «WorldSkills» чемпионатының жүлдегері болды.

Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаған болатын.

Оның айтуынша, бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам.

«Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. сы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді»,- деп мәлімдеді Тоқаев.

Айта кетсек, жаңа оқу жылында еліміздің колледждерінде мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 145 мың орынға дейін артты. Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл — өткен жылмен салыстырғанда 12 мың орынға көп.

 

 «ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin