
Шымкент қаласының Еңбекші ауданы аумағында 2024 жылы ішкі орам көшелерге жалпы ұзындығы 10 шақырым аяқ жол құрылысы жүргізілген болатын. Одан бөлек, Тәуке хан даңғылы бойындағы аяқ жолдар қайта қалпына келтірілді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың ыңғайлы жүріп-тұруына септігін тигізіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Аталған жұмыстар жалғасын тауып, аудан аумағында биыл 13 шақырым аяқ жол салу жоспарлануда.
Сонымен қатар, 2025 жылы ауданда 2 үлкен жоба іске асырылады. Атап айтқанда, бүгінде Момынов және Тленшин көшелеріндегі теміржол өткелінің құрылысы жүргізілуде. Бұл жобалар кептелістердің алдын алып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасайды.
Бұдан бөлек Шымкентте қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында жол жөндеу жұмыстары биыл да жалағасады. Жоспарға сәйкес бұл бағыттағы шаралар қаладағы 5 ауданда жүргізіледі. Магистрал көшелерден – Сасбұқаев (Жібек жолы көшесінен Жандосов көшесіне дейін), Қазиев (Рысқұлов көшесінен Арғынбеков көшесіне дейін), Кремлёвская (Қалдаяқов көшесінен Гагарин көшесіне дейін) және Қазына көшелері жөнделеді.
Ағымдағы жылы бірінші кезекте Абай ауданында — 24, Тұран ауданы бойынша Қазығұрт шағынауданында 2,4 шақырымдық Жандарбеков көшесінде, Қаратау ауданында — 37 көшеде, Еңбекші ауданында 42 көшеде жөндеу жұмыстары атқарылады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.