Шымкент қаласының Абай ауданы бойынша «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысушы (Шымкент қаласы мәслихатының депутаттығына үміткер) АСАНОВ Мұхит Қабылбекұлының САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары!

Қадірлі Абай ауданының жұртшылығы!

Қадірменді «Nur Otan» партиясындағы қанаттас достарым!

Қазақстан Республикасы ХХІ ғасыр ағымында өз тарихында бұрын-соңды болмаған халықаралық мәртебеге ие болды. Абыройы дүниежүзіне асқақтап, белді деген халықаралық ұйымдарға жетекшілік етті. 

Мен дархан даламыз Қазақстанда дүниеге келгеніме қуанамын, елімнің тағдырында болып жатқан елеулі өзгерістерге куә болып қана қоймай, оның бірқатарын табысты іске асыруға өзіндік үлес қосып та жүрмін.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген табыстары мен жетістіктері қоғам тұрақтылығына, өзара түсіністікке, этноконфессионалдық келісімге негізделгені ақиқат.

«Nur Otan» партиясының мүшесі ретінде партияның идеологиясы мен қызмет тәжірибесін толықтай қолдай отырып, Отаным – Қазақстан Республикасының қуатын арттыруға, Шымкент қаласын одан әрі гүлдендіруге өз үлесімді қосуға дайынмын.

 Бүгінгі таңда «Nur Otan» партиясы халық тұтастай сенім білдірген, бүгінгідей күрделі кезеңде тұрғындарды ортақ мақсат аясына топтастырған танымал саяси ұйым болып табылады.

Партиялық праймериз – демократиялық ұстанымды білдірсе, осы саяси науқанға қатысуды үлкен жауапкершілік ретінде қарастырамын, елімізді экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық дамуы тұрғысынан жаңа сапалық өзгерістерге жетелейтін мүмкіндік деп білемін.  

Мен партиялық праймеризге қатысу арқылы тұтастай елімізді дамытуға, оның ішінде Шымкент қаласын өркендетуге аянбай тер төгетін кәсіби, бастамашыл азаматтармен бір командада еңбек етуді қалаймын.   

Осы орайда менің ұстанымым төмендегідей болмақ:

— қазақстандық қоғам баршаға тең мүмкіндіктер орныққан қоғам болуы тиіс деп білемін. Бұл қоғамда адам басты құндылық ретінде белгіленіп, азаматтардың бір-біріне деген құрметін, өзара сыйластығын ең басты мәселе ретінде қарастыру принциптері орнығуы керек деп есептеймін.  

— партиялық праймериз бен жергілікті өкілді органдарға сайлау науқаны – нақты азаматтарды таңдау ғана емес, әрбір қала тұрғынының өмір сапасын таңдауы деген ұстанымды қолдаймын.

— сайлау науқанымен байланысты кез келген лауазым, азаматтар мен билік органдары арасындағы байланыс тетігі болуы тиіс деген пікірдемін.

— жалпықалалық деңгейде қабылданып жатқан шешімдер мейлінше ашық, жариялы болуы керек деген ойдамын. Мұндай шешімдер қабылданбас бұрын, азаматтық қоғам өкілдерімен алдын ала талқыланып, келісілуі қажет деп білемін.

Сайлауалды бағдарламаның басты мақсаты – Шымкент қаласын мегаполис ретінде, республикалық маңызы бар қала мәртебесі аясында, ТМД елдерінің мәдени астанасы шеңберінде, оның  әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына жан-жақты үлес қосу; қаланың инфрақұрылымдық өркендеуін басшылыққа алып, азаматтарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру; азаматтардың әл-ауқытан арттыру, жаңа жұмыс орындарының ашылуына үлес қосу.

Шымкент қаласын одан әрі гүлдендіруге, сәулеттік келбетін айшықтауға, тұрғындар үшін қолайлы, жайлы болуын қамтамасыз етуге күш біріктіруіміз тиіс.

Жұмыс басымдықтарын төмендегідей етіп белгілеп отырмын:

Экономикалық өркендеу:

— қаланың инфрақұрылымдық дамуына ықпал ету, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға, жаңа өндіріс орындарының ашылуына жағдай жасау, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына мүмкіндіктер қарастыру, ауылшаруашылығы секторының өркендеуіне басымдық беру.

Бұл жұмыстар жаңа жұмыс орындарын көптеп ашуға, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етеді, нәтижесінде қала тұрғындарының тұрмыс жағдайы жақсарып, әл-ауқаты артады.

— «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен «Тассай» индустриалды аймағындағы кәсіпорындардың толық қуатында жұмыс істеуі мен олардың қызмет тиімділігін арттыру үшін қала дамуына бағытталған шетелдік инвестицияларды тартуға ықпал ету.

— «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының әлеуетін пайдаланып, сапалы және қолжетімді бағада халықтың негізгі тұтынатын химиялық өнімдерін шығаратын (сабын, шампунь, тіс пастасы) өндіріс орындарының ашылуын қолға алу.

— қала аумағындағы денсаулық сақтау жүйесіне бағытталған мемлекеттік және жекеменшік қаржыландыруды ұлғайтуға ықпал ету, медицина ұйымдарының санын арттыруға, тұрғындарды медициналық қызмет көрсетудің кепілдендірілген көмегімен қамтуға және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге басымдық беру.

 Тұрғындарды әлеуметтік қорғау:

— әлеуметтік тұрғыда аз қамтамасыз етілген және тұрмыс жағдайы төмен азаматтарды, көпбалалы аналарды, соғыс және еңбек ардагерлерін, зейнеткерлерді кепілдендірілген атаулы әлеуметтік көмекпен қамту және олардың баспана жағдайын жақсарту.

— мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жұмысқа орналасу мәселесінде ұйымдастырушылық және құқықтық көмек беру.

— тұрғындарға әлеуметтік қызметтер көрсету саласында әкімшілік кедергілерді жоюға атсалысу, мемлекеттік қызметшілер мен азаматтар арасындағы қарым-қатынасты электронды форматқа ауыстыруды жүзеге асыру, бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекелділігін біршама төмендетер еді; тұрғындардың жекелеген санаттары үшін еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша даярлау және қайта даярлау бағдарламаларының әзірленуіне қолғабыс жасау, осы бағдарламалар тыңдаушыларын жұмыспен қамтуға ықпал ету, халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру.   

Білім беру, мәдениет, спорт:

— қаладағы білім беру саласының сапасын арттыруға ықпал ету, мектеп оқушыларын қашықтықтан оқытуға қажетті компьютерлік техникамен, планшеттермен қамтуды қолға алу, интернет трафигінің құнын төмендету жөнінде бастама көтеру, жаңа мектептер құрылысын жүргізу, ескі мектептер ғимараттарын жөндеуден өткізу жөнінде ұсыныстар білдіру; барлық санаттағы мектеп ұстаздарының жалақысын көтеру жөнінде бастама көтеру.

— мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді қолға алу, қазақ халқының ұлттық мәдениетін, салт-дәстүрін жаңғыртуға атсалысу, қала аумағында тұратын барлық ұлттардың мәдениетін, тілін сақтауға үлес қосу.

— келер ұрпақ үшін тарихи-мәдени құндылықтарды, табиғи ескерткіштерді қорғау жөніндегі жұмыстарды одан әрі жалғастыру, тұрғындарға ортақ мәдени кеңістік қалыптастыру жөніндегі шараларды қабылдау, барлық санаттағы азаматтар үшін мәдени құндылықтармен танысуға, білуге жағдай жасау.

— көпқабатты тұрғын үй аулаларында спорттық алаңшардың ашылуына ықпал ету, оларда әркелкі спорт түрлерімен айналысуға қажетті спорттық құрал-жабдықтар орналастыруға жәрдем беру. Бұл бастама қала аумағында салауатты өмір салтын ұстану қағидатын орнықтырып, бұқаралық спорт пен дене шынықтыру ісін танымал етеді деген ойдамын.

Әлемдік бәсекеге қабілетті заманауи цифрлық қабілетке ие химия-технологиялық зертханалар жүйесін дамытып,  жергілікті бюджет есебінен  қаржы бөлінуіне ықпал ету.

Жастар саясаты:

— балалар мен жасөспірімдердің тұлғалық дамуына арналған орталықтардың қызметіне көмек беру, спорттық, саз және көркемсурет мектептерінің мемлекет есебінен қаржыландырылуын жүйелеу, олардың қызметіне меценаттар тарту ісін қолға алу.

— жастарға арналған қоғамдық ұйымдардың дамуына мүмкіндік жасау, жастар бастамаларына, волонтерлық қозғалыстарға, жастар бизнесіне қолдау білдіру; жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендету және жас отбасыларды баспанамен қамту бойынша кешенді іс-шаралар жүргізу.

— жастар арасында тұтыну идеологиясын, өндірістік идеологияға ауыстыру үшін адамның кәсіптік білімін, дағдыларын, қызығушылықтарын және еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, кәсіп таңдауда, кәсіп түрін ауыстыруда және біліктілігін арттыруда практикалық көмек көрсетуге бағытталған оқу орталығының ашылуына ықпал ету.

Билік пен бұқара арасындағы байланысты нығайту:

— азаматтық қоғам өкілдері болып табылатын үкіметтік емес ұйымдарының, этномәдени орталықтардың, қайырымдылық ұйымдарының дамуына ықпал ету, олардың мәртебесін арттыру, жергілікті мәні бар мәселелер бойынша шешімдер қабылдауда азаматтық қоғам ұйымдарының қатысу белсенділігін арттыру, билік құрылымдары мен қарапайым азаматтар арасында диалогтык алаңдардың ашылуына ұйытқы болу.  

— тікелей бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқықбұзушылықтарына, басшылық құрамның дербес жауапкершілігі жөнінде қолданыстағы заңнама талаптарының бұлжымай орындалуын іске асыру.

— биліктің өкілді және атқарушы органдары тарапынан Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық дамуына байланысты шешімдер қабылдауда мейлінше ашықтық пен жариялылық үрдістерін енгізуді қолға алу.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, аумақтарды көркейту ісі:

—  қаладағы коммуналдық мекемелердің қызметіне бақылау орнықтыру, тұрмыстық қалдықтардың уақтылы тазалануын қадағалау, электр энергиясының, ауыз судың, газдың үздіксіз берілуін бақылауда ұстау.

— көпқабатты тұрғын үйлерді, аула аумақтарын, үй алаңдарын, кіреберістерді күрделі жөндеуден өткізуге, аула аумақтарында бейнебақылау камераларын орнатуға мемлекет тарапынан қаржы бөлінуіне ықпал ету.

— жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар мен көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістеріне пандустар орнатуға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған көлік тұрақтарын ұйымдастыруға ықпал ету.

Шымкент қаласы Абай ауданы аумағын дамыту жөніндегі негізгі міндеттер:

— ауданның инфрақұрылымын дамыту мен қалыпты ұстауға мемлекет тарапынан қаржы бөлінуіне ықпал ету. Оның ішінде балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдарын орналастыру, тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде көпқабатты тұрғын үйлерге жөндеу жүргізу, барлық шағын аудандар мен аула аумақтарына жарықтандыру, бейнебақылау құрылғыларын орнату.

— аудан аумағында тұрақты жұмыс жүргізетін азық-түлік жәрмеңкесінің ашылуына ұйытқы болу немесе өз ауласында өсірген жеміс-жидектерін саудалау үшін, зенеткерлерге арналған жеңілдіктері бар ауылшаруашылық өнімдері базарының ашылуын ұйымдастыру. Әлеуметтік тұрғыда аз қамтмасыз етілген тұрғындар үшін күнделікті тұтыну тауарларын төмен бағада сататын бөлімдер желісін ұйымдастыру.   

— көше тазалығы сапасын қадағалау, қоқыс контейнерлерін орналастыру орындарын тиісті жабдықтармен қамту, белгіленбеген жерге қоқыс тастау, жарнама ілу, хабарландырулар жапсырумен күрес жүргізіп, кінәлі азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тарту.

— қала әкімдігі деңгейінде аудан аумағындағы қорғасын зауытына тиесілі химиялық қалдықтарды жою және залалсыздандыру мәселесінің шешілуіне атсалысу.

— Агроферма, Қарасу, Құрсай, Ынтымақ-2, Жаңақұрылыс, Жаңаталап шағын аудандары тұрғындарын сапалы ауызсумен үздіксіз қамту бойынша нәтижелі жұмыстар жүргізу.

Құрметті шымкенттіктер!

Қуатты Қазақстанға қол жеткізу өзіміз тұратын үйдің ауласынан, көшемізден, қаламыздан басталатынын білуіміз қажет.

Біз ортақ мақсатқа жету жолында күш біріктіре білсек, өз Отанымыз бен туған қаламыздың одан әрі гүлденуіне, өзіміз үшін қолайлы болуына, әл-ауқатымыздың артуына қол жеткіземіз.

Бұл бағытта не істеу керек екенін айқындап, жоспарладым, бар күш-жігерімді, кәсіби білім-білігімді Сіздер жүктеген сенім деңгейінен шығу үшін жұмсайтын боламын!

Шымкент, 2020.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.