Шымкент қаласының бюджеті 764 млрд теңгеден 779 млрд теңгеге ұлғаймақ

Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің басшылығымен сегізінші шақырылымдағы мәслихаттың ХХІ сессиясы өтті. Жиында 8 мәселе қаралып, барлығы депутаттар тарапынан қолдау тапты.

Бұл сессияда бірқатар маңызды мәселелер қаралды, оның ішінде:

  1. Қалалық қоғамдық көлікте жол жүру төлемақысы тарифін бекіту.
  2. 2024-2026 жылдарға арналған қаланың бюджетіне өзгерістер енгізу.
  3. Қала әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның дербес құрамын бекіту.
  4. Шымкент қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасын екіге бөліп, қайта құру.

   Күн тәртібінде алдымен «2024-2026 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті туралы» мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Қалалық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараев бюджет жобасын баяндады. Аталған жоба Қоғамдық кеңесте және мәслихаттың тұрақты комиссияларында жан-жақты талқыланған. Басқарма басшысы жалпы бюджет көлемін 15 млрд теңгеге ұлғайту ұсынылып отырғанын атап өтті. Аталған қаржы бірінші кезекте халықтың өзекті мәселелерін шешуге, кәсіпкерлікті қолдау шаралары, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік мәселелер және тағы басқа салаларға бағытталмақ. Яғни, қала бюджетінің көлемі бүгінгі таңдағы 764 млрд теңгеден 779 млрд теңгеге ұлғаймақ.

Шымкент қаласы – Қазақстандағы үшінші ірі мегаполис. Қаланың халық саны да, экономикасы да, өндіріс көлемі де елімізде алдыңғы қатарда тұрады.

Шымкент қаласының өнеркәсіп саласында белсенді жұмыс істеп тұрған 902 өнеркәсіптік кәсіпорын бар. Атап айтқанда, мегаполисте 20 – ірі, 45 – орта және 837 – шағын өндіріс орны жұмыс істеп тұр.

2024 жылы қаңтар мен мамыр айлары арасында қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары 424,7 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Бірақ бұл былтырғы жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 3,8 пайыз төмен көрсеткіш. 2023 жылдың бес айында Шымкентте 405,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.

Үшінші мегаполисте өңдеу өнеркәсібінің жалпы өнеркәсіп саласындағы үлесі 85,4 пайызға жетіп отыр, осы салада биылғы жарты жылда 628,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Бұл көрсеткіш 2023 жылғы бес айда – 349,2 миллиард теңге болған. Саланың өнеркәсіптік өндіріс индексі – 94,5 пайызға жетті.

Қазір Шымкент қаласы аумағында жалпы ауданы 869 гектар болатын бес өнеркәсіптік аймақ жұмыс істеп тұр. Онда 330,9 миллиард теңгеге бағаланған 344 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде жалпы құны 229,0 миллиард теңге болатын 287 жоба іске қосылып, 8,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

    Сонымен қатар, сесияда қаланың сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасын екі басқармаға бөлу мәселесі талқыға түсіп, шешімін тапты. Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы, Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасы деп қайта құру ұсынысын мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады. Бүгінде мегаполис қаланың сәулеттік келбетін дамыту күн тәртібінде тұр.

 Сонымен қатар, қала әкімі стратегиялық сумен жабдықтау және су бұру нысандарын мемлекет меншігіне қайтару туралы даулы мәселені ерекше атап өтті. Бұл шара, қала басшысының айтуынша, тарифтік шығындарды бақылап, жүйелі жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік береді.

Қала әкімі Ғ.Сыздықбеков кезекті сессияда маңызды мәселелер қаралғанын атап өтті. Инфрақұрылыммен қамту, халықтың өмір сүруін жақсарту бағытында маңызды шешімдер қабылданғанын айтып, бұл бағытта депутаттарды одан әрі де бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin