Шымкент қаласының әкімі бірнеше нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының ұжымымен кездесіп, жаңа басшысы Салдарова Арайлым Құрбанбекқызымен танысты.
Кездесу барысында ұжыммен бірге шығармашылық идеялар мен өзекті мәселелерді талқылады. Театр ұжымына қала мәдениетін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Асар-2 шағын ауданындағы жерасты өткелін абаттандыру және субұрқақты күтіп ұстау жұмыстарымен танысты. Жауаптыларға нысанды заманауи талаптарға сәйкес абаттандыруды тапсырды. Сонымен қатар, тұрғындарға қолайлы болу үшін өткел ішін жарықтандыру қажеттігін жеткізді.
Сонымен қатар №90 мамандандырылған мектеп-гимназиясына барды. Мектеп басшылығы шәкірттердің білім алу жайынан хабардар етті.
Кейін Тұран шағын ауданында аулалар мен үй маңындағы аумақтардың санитарлық жағдайын тексерді. Тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында жауаптыларға орталық көше бойында аялдама мен жарық шамдарын орнатуды, сондай-ақ балаларға арналған шағын футбол алаңын салуды тапсырды.
Сондай-ақ, «Тұлпар» коттедж қалашығының Қазиев көшесінің жалғасы жоспарланған аумақта тұрғындармен кездесті. Жергілікті тұрғындардың пікірлері мен тілектерін ескере отырып, саябақ аймағын сақтау бойынша шешімдер қабылдады.
Қалалық дендросаябақтағы жаңа серуендеу аймағының, Сайрам, Жібек жолы көшелерінің қиылысындағы гүлзарды абаттандыру бойынша жұмыстарды, сондай-ақ «Көл» мен Ордабасы алаңындағы субұрқақтарды реконструкциялау барысын тексерді.
Салалық басқармалардың басшылары мен мердігер ұйым өкілдеріне барлық жұмыстарды сапалы және уақтылы аяқтауды тапсырды.

 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin