Шымкент қаласының әкімі су тасқыны қаупі бар учаскелерді аралады

Қала басшысы кезекті қаланы аралау барысында су тасқынына қарсы іс-шаралардың ұйымдастырылуын тексеріп, қаланың негізгі су нысандарын және су тасқыны қаупі бар учаскелерін аралады.

«Абдулабад» тұрғын алабындағы еріген қар мен жауын-шашын суын жинауға арналған жасанды қойманың жағдайымен танысты. Сондай-ақ «Базарқақпа» тұрғын алабындағы және Бердіқожа көшесіндегі Сайрам-су өзенінің үстінен өтетін көпірлерді қарап шықты. Автокөлік көпірлерін су шаюының алдын алу мақсатында аудан әкімдеріне және қалалық жайлы ортаны дамыту басқарма басшысына өзен арнасы мен қойманы қоқыстан тазалауды және жағалауды бекіту жұмысын жүргізуді тапсырды.

Бұдан бөлек, қала әкімі Әл-Фараби ауданы, «Жаңаталап» тұрғын алабындағы Бадам өзені арнасын аралады. Су тасқынының алдын алу және тасқын кезеңін қауіпсіз өткізу мақсатында жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берді. Қауіпті аймақтарды қосымша зерттеу, алдын алу шараларын жүзеге асыру және төтенше жағдайлар туындау қаупін барынша азайту міндетін жүктеді.

Сонымен қатар аралау барысында кәріз коллекторы жарылған «Нұршуақ» шағынауданына барып, жағдаймен танысты. Қазіргі таңда жағдай тұрақты, абоненттер резервтік коллекторға қосылды. Абай ауданының әкіміне және коммуналдық қызмет өкілдеріне апат салдарын жедел жоюды тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin