Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында брифинг өткізді

Шымкент қаласы соңғы жылдары елдегі қарқынды дамып келе жатқан құрылыс алаңдарының біріне айналды. Бұл – экономиканың өсуіне, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен мүмкіндік береді. Осыған орай сәрсенбі күні Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында брифинг өткізді.

Брифинг барысында Сәрсен Абайұлы Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мен Құрылыс басқармасы тарапынан атқарылған жұмыстар мен негізгі көрсеткіштер жайлы баяндады. Атап айтсақ:

Шымкентте 2024 жылдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 14%-ға артқан, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі 26%-ға ұлғайса, қала экономикасына тартылған инвестицияның 12%-ын құрылыс саласы құрап отыр.

Мемлекеттік бағдарлама аясында биыл 97 нысанның құрылысы бастау алып, жалпы ауданы 283,5 мың шаршы метрді құрайтын 3 592 пәтерлі 57 көпқабатты үй салынуда. Сонымен ішінде, биыл 190,7 мың шаршы метрлік 3 тұрғын үй пайдалануға беріледі, бұл 2 412 пәтерді құрайды.

Мемлекет басшысының Жолдауында халықты сапалы әрі қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету басымдыққа ие екені айтылды. Осыған байланысты жастар мен әлеуметтік тұрғыда осал топтарға ерекше көңіл бөлінуде. Өткен 2024 жылы Шымкент қаласында бюджет қаражаты есебінен 1 514 дайын пәтер сатып алынды. Оның 454-і жұмыс істейтін жастарға, ал, 1060 пәтер әлеуметтік осал топқа жататын отбасыларға тапсырылды.

Биыл дәл осы тәсілмен нарықтан 1 279 пәтер сатып алынады. Оның ішінде 900 пәтер жұмыс істейтін жастарға, ал, әлеуметтік тұрғыда осал топтағы отбасыларға 379 пәтер сатып алу жоспарланған.

Қазіргі таңда қала әкімдігі құрылыс сапасын бақылауды күшейтіп отыр. Шымкентте кепілдік мерзімі бар 197 көпқабатты тұрғын үй бар. 2024 жылы 10 382 пәтер тексеріліп, 656 ақау анықталды. Анықталған барлық кемшіліктер мердігер компаниялардың есебінен қалпына келтірілді. 2024 жылдан бастап кепілдеме мерзімі 5 жылдан 7 жылға ұзартылды.

Сонымен қатар, 2025 жылы қала аумағындағы 22 көпқабатты тұрғын үйдің жалпы мүлкін күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда (Әл-Фараби ауданы-15, Тұран ауданы-6, Еңбекші ауданында-1 тұрғын үй)және14 көпқабатты тұрғын үйдің жеделсатыларын (лифт) (Әл-Фараби ауданы-1, Тұран ауданы-1, Қаратау ауданында-12) ауыстыру жоспарланған.

Қазіргі таңда құрылыс Тұран-2, Шымкент сити, Нұрсәт, Бозарық, Ақжайық шағын аудандарында белсенді жүріп жатыр. Алдағы уақыттада Шымкент қаласы инвестициялар үшін тартымды аймақ бола отырып, құрылыс саласындағы белсенділікті одан әрі арттыруды көздейді, — деді Сәрсен Абайұлы.

Шымкентте білім, денсаулық және әлеуметтік нысандардың саны артуда

Шымкент – қарқынды дамып келе жатқан мегаполистердің бірі. Қаладағы халық санының табиғи өсімімен қатар, өңірлерден қоныс аударушылардың көбеюі әлеуметтік нысандарға деген сұранысты арттырып отыр. Осыған байланысты білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында жаңа ғимараттар салу мен қолданыстағы нысандарды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Білім беру саласында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында өткен жылы Шымкентте 12 мектептің құрылысы жүргізіліп, оның 11-і пайдалануға берілді. Ал Таскен шағынауданында салынып жатқан мектеп биылғы жылдың үшінші тоқсанында аяқталады. Сонымен қатар, 2024 жылы 7 білім беру нысанының құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 6 нысан қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Оның ішінде №19 және №50 мектептердің қосымша ғимараттары, Тельман елді мекеніндегі 1200 орындық мектеп, Тұран шағынауданындағы 500 орындық оқушылар сарайы, С.Рахымов мектебі мен Сайрам колледжінің жатақханасы бар. Тек №16 мектептің қосымша ғимаратының құрылысы келесі жылға өтпелі жоба ретінде қарастырылуда. Бұдан бөлек, биыл білім беру саласындағы 10 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады.

Қаладағы мектептердегі орын тапшылығын азайту мақсатында 9 мектепке қосымша ғимараттар салу жоспарда бар. Қазіргі таңда олардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.

Денсаулық сақтау саласында да маңызды жобалар қолға алынған. Биыл қалалық диагностикалық орталықтың ғимаратын кеңейту және қан орталығының қосымша ғимаратын салу жұмыстары толығымен аяқталады. Сонымен қатар, Нұрсәт шағын ауданындағы перинаталдық орталыққа қосымша корпус салу және Ақжайық шағын ауданында 200 орындық жаңа перинаталдық орталықтың құрылысын бастау жоспарлануда. Қазіргі таңда бұл жобалардың сметалық құжаттары дайындалу үстінде.

Сонымен бірге, қалада абаттандыру, мәдениет, спорт және әлеуметтік қамтамасыз ету салалары бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл әр салада кем дегенде бір нысанның құрылысы аяқталмақ. Әлеуметтік қамтамасыз ету саласында 3 нысан, төтенше жағдайлар қызметі бойынша 6 нысан, 6 инженерлік инфрақұрылым нысаны және мемлекеттік органдарға арналған 2 ғимараттың құрылысы жүргізілуде.

Шымкент қаласы қарқынды дамып, халық саны өсіп келе жатқандықтан, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған құрылыс жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Қаламыздың әлеуметтік инфрақұрылымын жақсарту – басты міндеттердің бірі.

Шымкенттің жолдары

Шымкент қаласы – еліміздегі ірі урбанизациялық орталықтардың бірі. Халық санының өсуімен бірге жол инфрақұрылымын жаңарту мәселесі өзекті болып отыр. Себебі кең, тегіс әрі сапалы жолдар – экономиканың дамуымен қатар, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығының кепілі. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында айтты.

Жолдардың қазіргі жағдайы: 2024 жылдың қорытындысы бойынша Шымкент қаласындағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 75%-ға жетсе, биыл бұл көрсеткішті 79%-ға дейін көтеру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар 2024 жылы қалада 40,8 шақырымды құрайтын 15 нысанда құрылыс және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі, 88 шақырымды құрайтын 55 көшеде орташа жөндеу жұмыстары өтеді және 79,3 шақырымдық 181 көшеде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Сондай-ақ, Шымкент қаласында жол-көлік қозғалысына елеулі әсер ететін бірнеше ауқымды жобалар іске асырылуда. Атап айтсақ:

— Қонаев даңғылының 2-ші және 5-ші кезеңдерінің жалғасы;

— А-2 айналма жолының 7-ші кезеңі;

— Жандосов көшесінің жалғасы;

— Асар мен Шымкент сити шағын аудандарын қосатын жол құрылысы.

Аталған жобалар көлік кептелісін азайту және қаланың негізгі көшелеріне түсетін жүктемені жеңілдетуге үлкен септігін тигізеді.

Шымкенттің солтүстік бөлігін орталықпен байланыстыру – басты міндеттердің бірі. Осы бағыттада бірқатар өзгерістер орын алды.

Өзгерістер:

— Өтегенов көшесінің жалғасы іске қосылды, бұл зообақ пен дендросаябақ маңындағы кептелісті азайтады;

— Алтынсарин көшесі кеңейтіліп, Тұран шағын ауданымен байланыстырылады;

— Қазиев көшесі Төлеметов көшесіне дейін ұзартылып, Бәйдібек би даңғылына түсетін жүктемені жеңілдетеді;

— Сіргелі көшесін Төлеметовтен Тұран шағын ауданына дейін ұзарту жоспарлануда.

Көше жарықшамдарын орнату: 2024 жылы 1238 көшеге көше жарықшамдарын орнату жұмыстары атқарылып іске қосылды. Жалпы 2024 жылдың қорытындысы бойынша қала көшелері 51,7% жарық шамдарымен қамтылған. 2025 жылы 100% көше жарық шамдармен қамту жоспарлануда.

Шұңқырларды жамау: 2024 жылы қала көшелерінде шұңқырларды жамау жалпы 420 000 шаршы метр аумақта атқарылды. 2025 жылы 400 000 шаршы метр шұңқырларды жамау жұмыстарын атқару жоспарлануда.

Ирригациялық арық орнату: 2024 жылы қала көшелерінің бойында су басу қауіпі бар немесе су жиналатын 103 орынға 54,3 шақырым ирригациялық арық жүйесі орнатылды. Су басу қауіпінің алдын алу мақсатында 2025 жылы 50 орынға 23 шақырым ирригациялық арық орнату жұмыстары жоспарланып, бүгінгі таңда бастау алды.

Қоғамдық көлік саласы

Бүгінгі таңда 80 тұрақты маршруттарда күнделікті 949 автобус жолаушыларды тасымалдауда, оның ішінде 79 маршрут әлеуметтік маңызы бар маршрут деп айқындалған.

Аталған маршруттарға 11 көлік компаниясы қызмет көрсетуде.

Жалпы көліктердің саны 1120 бірлікті құрайды, оның ішінде 44 автобус 3 жылға дейін, 1060 автобус 5 жылға дейін және 7 жылдан асқан 16 автобус.

Маршруттарда қызмет көрсететін автобустардың 100% GPS треккерлермен жабдықталған.

Қолданыстағы 615 автобус отын ретінде сығымдалған газ-метанды, 505 автобус дизель отынын пайдаланады.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin