Шымкент: «Ұлттық киім – ұрпаққа мұра» фестивалі өтті

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн», – деп атап көрсеткен болатын.Президент жолдауына сәйкес тиісті басқармалар мен ЖОО-дары осы бастамаға сүбелі үлес қосып келеді.

Шымкенттегі «Достық үйінде» қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Ұлттық киім – ұрпаққа мұра» фестивалі өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы аясындағы іс-шараның мақсаты – ұлттық киім тігумен және ұлттық нақышта зергерлік бұйымдар жасаумен айналысатын шеберлердің бұйымдарын дәріптеу арқылы өскелең жас буынды ұлттық рухта тәрбиелеу.

Фестиваль аясында жергілікті қолөнер шеберлері мен дизайнерлер дайындаған ұлттық киімдер мен зергерлік бұйымдар қойылған көрме ұйымдастырылып, «Достық үйінің» үлкен залында этно стильдік және заманауи сәндік киім үлгілерінің көрсетілімі өтті.

Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Айгерім Жұмағұлова, қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нұркен Әлімқұлов қатысып, ұлт мәдениеті мен ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген қолөнер шеберлерін құттықтады.

«Соңғы уақытта, ұлттық нақыштағы киімдерді кию – тренде. Бұл кәсіби дизайнерлердің заманауи киімдерді этно стильмен ұштастыра алауында деп білеміз. Дәл осы бағытты ұстанып ұлттық киім тігумен және ұлттық нақышта зергерлік бұйымдар жасаумен айналысатын шеберлер көп. Сала мамандары тек елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде сұранысқа ие. Ендігі мақсат жастар арасында кеңінен насихаттау»,- дейді Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Айкерім Жұмағұлова.

Фестиваль барысында қазақтың ұлттық киімдерінің этно стильдік және заманауи үлгілері бойынша Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті «Ақ баян» сән театрының топтамасы, А.Исмаилов атындағы кәсіптік колледждің топтамасы, Г.Еспай жетекшілік ететін «Ару аналар» топтамасы №5 Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің топтамасы, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің «Асыл мұра» топтамасы, Б.Жетібаева жетекшілік ететін «Асыл мұра» топтамасы және Орталық Азия инновациялық университетінің «Сән» топтамасы жұртшылық назарына ұсынды.

Таяуда ғана Халықаралық деңгейде өткен фестивальде жүлделі 1 орынды иеленген сәнгер Марат Ерімбетов ұлттық киімдерді әлемдік деңгейде танытуды көздейді.

– Сән әлемі үнемі жаңарып отырады. Тек денені жабу үшін ғана емес, қазақта сырт киім арқылы астарлы, ойлы сөздерді жеткізетін болған. Бүгінгі фестивальге 2 топтама алып келдім. Бірі ұлттық киімдерді этностильде жаңғырту болса, келесі заманауи стильді қамтыды,-дейді Марат Ерімбетов.

Сондай-ақ, көрмеде ұйымдастырушылар, қазақтың байырғы тұрмыс тіршілігінен сыр шертетін құрақ көрпе, ер-тұрман әбзелдері, оюмен көмкерілген бүрмелі көйлек пен шапанның түр-түрін халық назарына ұсынды. Ұштасқан ұлттық нақыш пен заманауи модельдеге туындылар көпшіліктің көңілінен шықты.

Өз кезегінде кәсіби мамандардан жасақталған қазылар алқасы фестиваль қорытындысы бойынша үздік деп танылған жеңімпаздарды анықтап, арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапаттады.

Ұлттық киімдердің заманауи үлгілері топтамасы бойынша Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚМПУ-дың «Ақбаян» сән театры, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің «Асыл мұра» сәндік киім үлгілерінің топтамасы, Бүбіхадиша Жетібаеваның «Асыл мұра» ұлттық киімдер топтамалары үздік деп танылды. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтар табыстарлып, алғыс хаттармен марапатталды.

 «ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin