Шымкент қаласының әкімі кезекті рет бірқатар білім беру нысандарын аралады. Солардың бірі, А.Сейдімбек атындағы №80, №48, М.Х.Дулати атындағы №8 және Б.Момышұлы атындағы №120 мектептерде болып, онда жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.
Танысу барысында салалық басқарма басшыларына тек құрылыс барысына ғана емес, жақын маңдағы аумақтардың санитарлық жағдайына да бақылауды күшейтуді тапсырған қала әкімі күзге қарай аталған аумаққа ағаш көшеттерін отырғызу қажет екенін айтты.
Бұдан бөлек Әл-Фараби ауданы, Әбдіразақов көшесінің тұрғындарымен де кездесті. Аудан тұрғындарымен кездесуде тазалық және абаттандыруға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Ал жауапты тұлғаларға көпқабатты үй іргесіндегі жер учаскелеріне беріліп жатқан құжаттардың заңдылығын тексеруді тапсырды.
Сондай- ақ, Ақпан батыр көшесі тұрғындарының өтінішін де назардан тыс қалмады. Нақтырақ айтар болсақ, тұрғындар жақын маңдағы сауда орындарына қатысты шағым білдірген болатын. Сөздерінше, бұл аумақтан шығатын балықтың иісі жергілікті халықтың әбден мазасын алған. Тұрғындар шағымын тыңдаған қала басшысы жауапты мамандарға кәсіпкерлік нысандарының санитарлық нормаларға сәйкестігін тексеру бойынша тапсырма берді.
Қаланы аралау Жаңаталап шағынауданындағы жаңа көпір құрылысында да жалғасты. Құрылыс жұмысын бағамдаған әкім мердігер мекеме мен аудан әкімдігі өкілдеріне учаскедегі барлық жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтауды міндеттеді.
Соңғы кезде қала басшысының тапсырмасына орай мегаполис аумағында заңсыз орналасқан құрылыс базарлары қала сыртына көшіріліп жатқанымен тұрғындар хабардар. Қазір осы тапсырма бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Аралау барысында әкім Абай ауданындағы атқарылып жатқан жұмыстарды да бақылады. Жұмыс қарқынын байқаған қала әкімі аудан әкімдері мен сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар да жүктеді.