Шымкент 6 жыл ішінде инвестициялық климаты қолайлы шаһарға айналды

«Барлық деңгейдегі әкімдер инвестиция тартуды және жұмыс орындарын құруды күнделікті ойлауы тиіс. Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек. Барлық мемлекеттік орган ел экономикасына мейлінше көбірек инвестиция тартуға баса мән беруге тиіс. Бұл – негізгі басымдық, олардың жұмысы да соған сәйкес бағалануы керек». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімдерге қоятын басты талабы – осы.

Расын айту керек, республикалық маңызға ие қала атанған алты жыл ішінде Шымкент бұл талаптың үдесінен шығып үлгерді. Бүгінде шаһарда қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Қазіргі таңда шетелдік инвесторларды тарту мақсатында ауқымды іс-шаралар қолға алынып жатыр. Олардың ірі жобаларды іске асыру мүмкіндіктері де едәуір кеңейтілді. Салыстыру үшін мысал келтірейік, егер 2019 жылдың соңында Шымкент қаласының экономикасына 194,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, қалада жалпы құны 25,6 миллиард теңгеге 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, жаңадан 420 жұмыс орны ашылған болса, 2024 жылдың алғашқы 5 айының өзінде ғана 203,7 миллиард теңге инвестиция тартылып, бұл тұрғыдағы көрсеткіш 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 117,4%-ды құрап отыр. Оның ішінде, мемлекеттік бюджеттен түскен инвестициялар көлемі — 29,5 миллиард теңге, ал жекеменшік инвестициялар 174,2 миллиард теңге мөлшерінде.

Оны аз десеңіз, Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқарма басшысының орынбасары Ермек Тұрмановтың сөзіне сенсек, биыл жалпы 928,7 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Яғни көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 28,2 %-ға артпақ. Нақты қойылған мақсатқа сәйкес, қалада 2024-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 2,7 триллион теңгеге инвестициялық 220 жобаның пулы жасақталған. Ол бойынша жаңадан 30 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ. Ал биылдың өзінде жалпы құны 262 миллиард теңгеге 6336 жаңа жұмыс орнымен 64 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Биыл жыл басында жаңадан жасақталған Үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысында Президенттің: «Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Ал, аймақтарға барып, жұмыс істегісі келетін инвестор көптеген тосқауылға тап болады. Жергілікті билік көп жағдайда ешқандай әрекет жасамайды не болмаса инвесторды әуре-сарсаңға салады. Соның кесірінен кәсіпкер жобасын кейінге шегереді немесе біржола тоқтатуға мәжбүр болады», — деген сын-ескертпесі де естеріңізде болар. Қуанатынымыз, Шымкент мұндай кереғар жағдайлардан мүлде ада. Жергілікті билік шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беретін барлық инвестициялық жобаны қолдауға дайын. Мәселен, мамыр айының соңында қалада “Shymkent Invest” фронт-офисі ашылды. Ұйым инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын жергілікті және шетелдік инвесторларға жоба идеясы басталғаннан пайдалануға берілгенге дейін қолдау шараларымен қатар экспорттау, дамуды қаржыландыру бойынша қызметтер көрсетеді. Керемет емес пе?! Инвесторлар тарту және оларды қолдауға қатысты мемлекеттік қызметтер «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Мұнда ұйым қызметкерлері инвестициялық жобаларға жан-жақты қолдау көрсетумен қатар құжаттарды дайындауға, жиналыстарды ұйымдастыруға және өткізуге, мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес беруге көмектеседі. «Shymkent Invest» ЖШС мен Шымкент қаласының прокуратурасы арасындағы ынтымақтастық аясында инвесторлардың проблемалық мәселелерін шешу мақсатында кеңсеге тұрақты түрде инвесторларға тікелей қолдау көрсететін прокуратура қызметкері бекітілген.

Бұл ретте «Shymkent Invest» ЖШС қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен құрылғанын және оның «Инвесторлармен тиімді жұмыс жүргізу, сондай-ақ сала бойынша нақты бағдарлама әзірлеу қажет, ең бастысы енгізіліп жатқан жобалардың саны емес, сапасы маңызды», — деген ұстаныммен еңбек етіп жатқанын атап өту қажет.

Сапа демекші, нақты мысал айтайық, Шымкенттің өнеркәсіп саласына 1 миллиард 750 миллион АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тартылатын болды. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Fujian Hengwang Investment Co., Ltd» компаниясының басқарма төрағасы Лю Юнмин қалада металлургиялық зауыт салу туралы меморандумға қол қойды. Жобаны жүзеге асыру барысында компания жаңадан мың жұмыс орнын ашады. Үш кезеңдік металлургиялық зауыт бес жыл ішінде салынады. Жылдық өндірістік қуаты бес миллион тоннаны құрайды. Кәсіпорын экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әлемдегі ең озық технологияларды пайдаланбақ.

«Fujian Hengwang Investment Co., Ltd» компаниясы болат өндірісі мен халықаралық саудада үлкен тәжірибесі бар «Jiangsu Coastal Steel Group Co., Ltd» ірі корпорациясының бөлігі болып табылады.

Еске салсақ, қалада қуаттылығы 500 МВт-қа дейін жететін комбинирленген циклді станса салу жобасы да жүзеге асырылып жатыр. Құны шамамен 700 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жоба тұрғындарды сапалы электр және жылу энергиясымен, сондай-ақ ыстық сумен қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар, ірі түрік компаниясы «Alarko Holding» жаңа форматтағы жылыжай кешенін салуда. 650 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жоба жалпы көлемі 500 гектар аумақта екі мың жаңа жұмыс орнын кезең-кезеңмен құруға, азық-түлік қауіпсіздігін және жаңа өндірістерді енгізу арқылы жылыжай бизнесін дамытуға ықпал етеді.

P.S. Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте мегаполистің қаңтармамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму барысы, салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар пысықталды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараев даму көрсеткіштерін баяндап, бұл кезеңде оң динамика қалыптасқанын жеткізді. Ал қала әкімі сала басшысының баяндамасына қатысты: «Жалған сандармен емес, шынайы экономикаммен өмір сүйрейік. Көрсеткіштерді талдап, қай жерде проблема бар, сол жерге күш салып, нақты нәтижеге жұмыс істейік!» — деп, өз көзқарасын һәм талабын білдірді. Мегаполистің өсіп-өркендеуіндегі оң динамиканың себебін енді түсінген боларсыз. Ол үшін құрғақ сандарды сапырып, шындықты бүркеп, жауырды жаба тоқымдаудан іргені аулақ салу қажет!

Тұтқабай ЕСЕНБАЙҰЛЫ.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin