Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің азаматтарды бірыңғай қабылдауы өтті. Шаһар басшысы шымкенттіктерді “Көрме” орталығында қабылдады. Қаланың прокуратура, полиция өкілдері, әкім орынбасарлары, аудан әкімдері мен басқарма басшылары азаматтардың өтініштерін тыңдап, шешу жолдарын қарастырды. Мұрат Дүйсенбекұлы тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселені жеке тыңдап, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.
Қабылдауға келген 300-ден астам азамат түрлі салаға қатысты талап-тілектерін жеткізді. Тұрғындарды алаңдатқан мәселелердің басым көпшілігі тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жер мәселесі, жол және инфрақұрылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларына қатысты ауқымды сұрақтарды қамтыды. Сонымен қатар жаңа оқу жылының аяқталуына орай балалардың жазғы каникулын тиімді ұйымдастыруға қатысты өтініштер де жиі түсті.
Азаматтардың кей талап-тілектері қабылдау кезінде шешімін тапты. Басқа да ұсыныстар мен талап-тілектер хаттама негізінде назарға алынып, заң аясында тиісті шешімдер қабылданатын болады.
Сондай-ақ қабылдауға келген тұрғындарға жұмыспен қамту шараларына, баспанамен қамтуға, кәсіпкерлікке қатысты түрлі мемлекеттік бағдарламалардың шарттары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Тұрғындар арасында қаланың дамуына қатысты ұсыныс, жобаларын таныстырған белсенділер де болды. Қала әкімі мегаполистің тыныс-тіршілігіне бей-жай қарай алмайтын азаматтарға ризашылығын білдіріп, қолдау көрсетті.
Көтерілген барлық мәселе қала әкімінің тікелей бақылауында. М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға халықпен кері байланыс орнатып, туындаған мәселелерді шұғыл шешу бойынша тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, 2022 жылдан бастап Президент Жарлығына сәйкес әкімдердің халықпен кездесуі жаңа форматқа көшті. Осыған сәйкес қала әкімі тоқсан сайын тұрақты кездесулер өткізуде. Осы ретте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2022 жылдың I жарты жылдығында тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 84 кездесу өткізді. Тұрғындардан 874 ұсыныс-пікір түсіп, оның 374-і орындалды, 316-ы жыл соңына дейін орындалуы жоспарда. Ал, 184 мәселе ұзақ-мерзімді қажет ететіндіктен 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілген. Сонымен қатар, әрбір ауданнан қоғамдық бақылау кеңестері құрылып, әр сенбі сайын тапсырмалардың орындалуы талқыланып келді.