Қазақстанда ірі орман өрттерінің алдын алу шаралары қабылданып жатыр

Еліміздің мемлекеттік орман қорының алқабы 31 миллион гектарды құрайды, оның ішінде орманмен көмкерілген жерлер – 13,9 миллион гектар. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ірі орман өрттерінің алдын алу шараларын қабылдады. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ведомствоның вице-министрі Нұркен Шәрбиев мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, орман шаруашылықтарын жабдықтау нормалары мен нормативтері қайта қаралып бекітілді. Оларда өртке қарсы техника мен жабдықтардың тізімін кеңейтіліп, саны көбейтілді. Үкімет қаулысына орман шаруашылықтарын утиль төлем есебінен жабдықтау мүмкіндігіне қатысты өзгерістер енгізілді.

Сондай-ақ Нұркен Шәрбиев елдің оңтүстік және батыс өңірлері үшін өрт маусымы 26 наурыздан , солтүстік және орталық өңірлер үшін 7 сәуірден, ал шығыс өңірде 14 сәуірден бастап белгіленгенін атап өтті. Биыл республикалық бюджеттен орман шаруашылығын жарақтандыруға 3,1 миллиард теңге бөлінді. Бұдан бөлек, лизингтік қаржыландыру шеңберінде Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 35 миллиард теңге, оның ішінде Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты ведомстволық ұйымдар үшін 15 миллиард теңге көзделген.

«Жыл басынан бері Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мекемелері үшін 3,7 миллиард теңгеге 136 шағын орман өрт сөндіру кешені мен 60 трактор жеткізілді. Маусым айының соңына дейін қалған 166 өрт сөндіру машинасы, 27 шағын орман өрт сөндіру кешені және 15 трактор жеткізіледі деп күтілуде. Биыл облыс әкімдіктері орман шаруашылығын жарақтандыруға жергілікті бюджеттен 6,3 миллиард теңге және лизинг есебінен 20 миллиард теңге бөлді. Осылайша, жыл соңына дейін әкімдіктер орман шаруашылықтарына 186 өрт сөндіру машинасын, 186 шағын орман өрт сөндіру кешенін және 247 тракторды сатып алады деп жоспарланған. Қабылданып жатқан шаралар еліміздің өрт қаупі ең жоғары 11 өңірінде орман шаруашылығын жаңартуға және жарақтандыруға мүмкіндік береді», – деді вице-министр.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin