«Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескіндіров осы мәселеге қатысты ойын айтты», — деп хабарлайды «BAQ.KZ» тілшісі.
«Өндіріс саласы – экономикамыздың негізгі локомотиві. Соңғы 8 айдың қорытындысын қарайтын болсақ, экономикамыз тек 3,2 пайызға ғана өсті деген ақпарат бар. Бірақ бұл көрсеткіш Президентіміз қойған 5-6%-дан екі есе төмен болып тұр. Оны сараптап қарайтын болсақ, қазір өндіріс саласында өңдеу саласы былтырға қарағанда 104,9 пайыз болып тұр. Тау-кен саласы шамамен 100 пайыз. Өндіріс саласын дамытуымыз керегі сөзсіз. Оны барлығымыз қадағалап, көмектесуіміз керек», — деді депутат.
Депутат саладағы жағдай ойдағыдай деп айтуға келмейді деп есептейді. Ескіндіров саланы бірлесе дамыту керегін атап өтті.
Химия саласында жаңа өндіріс орындары салынып жатыр. Мысалы, Жамбыл мен Түркістан облыстарында, сондай-ақ басқа да өңірлерде металлургия саласында да жобалар бар. Мемлекет басшысы жазда 17 үлкен жобаның тізімін бекітті. Менің ойымша, осы жобаларды тезірек іске қосу қажет. Соңғы мәліметтерге сәйкес, қаржы көздері әлі анықталмаған. Бірақ Үкімет осы мәселелерді шешуге тырысып жатыр. Ол жерде газ-мұнай, химия, энергетика, қара металлургия, құрылыс салаларында көптеген жаңа жоба бар. Осы жобаларды тезірек іске қосып, Үкімет, әкімдік және басқа да қызығушылығы бар тарап салаларды дамытуға атсалысуы керек, — деп түсіндірді ол.
Мұқаш Ескіндіров жаһанда болып жатқан геосаяси өзгерістер еліміздің экономикасына зардабын тигізгеніне қарамай, экономикамызды дамытуды қолға алуымыз керегін айтты.
Әрине, геосаясат бізге кедергі жасап жатыр. Бірақ соның өзінде қиын жағдайдан шығып, ертеңгі күнді ойлап, мүмкіндіктерді пайдалануымыз қажет, — дейді Мәжіліс депутаты.
Депутат көп кәсіпорындардың тозығы жеткенін да айтып, оларды жаңарту керегін атап өтті. Ол үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі қажет.
Қазір біз жасыл технология дегенде біз ең алдымен әлемде қалыптасқан ең озық технологияларды енгізіп, зиянды қалдықтарды азайтуымыз қажет. Өнеркәсіп орындарын айыппұлмен жазалай бермей, жасыл технологияларды енгізуге ынталандыруымыз керек. Олар бәсеге қабілеттілігін жоғалтпауы үшін мемлекеттен қолдау болуы керек. Әр кәсіпорынмен отырып, жоспарын қарау қажет. Болашағымыз осы кәсіпорындарға байланысты болғандықтан жаңа технологияларды енгізуге ынталандырып отырған жөн. Қазірдің өзінде көміртегіні, қалдықтарды азайтуға қатысты елімізде қолға алынған жұмыстар әлі де жеткіліксіз деп ойлаймын. Оны өңірлерге барғанда көріп жүрміз. Қазірдің өзінде көміртегі ізі энергетика саласында көп. Еліміздегі электр энергиясының 70%-ы көмірден алынады. Қазақстан шығарып жатқан өнімдердің 50%-ы Еуроодаққа жіберіледі. Одақ 2025 жылдан бастап көміртегі салығын енгізіп жатыр. Яғни біздің шығарған өніміміз қандай энергетикада әзірленді, көміртегі бейтараптылығы деген энергетика қолданылып жатыр ма немесе қоршаған ортаны ластайтын көмір станцияларынан жасалды ма? Осыған көңіл бөлінеді. Егер лас технологиядан шыққан үлесі көп болса, онда біздің өнімдерімізге көміртегі салығы салынады. Бұл өнімдеріміз нарықта бәсекелестігін жоғалтады деген сөз, — деп айтты Мұқаш Ескіндіров.
Депутат өнеркәсіп саласын басқа экономика салаларына қарағанда көбірек көңіл бөлу керегін атап өтті. Ол сөз соңында 6 қазанда өтетін референдумда халық АЭС салу бойынша оң таңдау жасап, шешім қабылдаса, онда экономикамыз бен энергетика саласының тәуелсіздігіне жасалған оң қадам болмақ. Бұл шешім өндіріс саласының дамуына үлкен үлес қосады.