Қазіргі қоғамдағы ислам діні мәселелері

Қазір еліміздегі ислам дінін ұстанушылардың басым бөлігі діни ұстанымы мен көзқарастарында «Ха­нафи» мазхабының ілімін басшылыққа алады. Құлшылық, ғиба­дат­тарында ата-баба жолын ұстанатындықтан, оларды «дәстүрлі мұ­сылмандық сенімдегілер» деп атау әдетке айналған. Сондай-ақ, Ханафи мазхабының қа­тарына Орталық Азия елдері мен Қазақстанда бұрыннан кең та­раған сопылық жолдағылар, түр­киялық «Сүлейменшілер» мен «Нұршылар», «Махмутшылар», «Гүленшілер», діни миссио­нер­лік ұйымының жақтастары енеді. Мазхабта айырмашылықтары бол­мағанымен, ол жамағаттар бір-бірінен белгілі бір тәртіп, талаптарға бағынуларымен, кейбір діни мәсе­ле­лерде жеке көзқа­растарымен ерек­шеленеді.

Ханифилер өзінің көнімпаздығымен, ізгілікті сипаттарымен ерекшеленеді. Мұны жақсы біле білген ата-бабаларымыз осы VІІІ ғасырдан бері нық ұстап, арасына жік түсірмей келген еді. Ислам дінінің берік орныға қоймау себебін біз республикамыздағы жалпақ діни саясаттан көреміз. Көпұлтты Ресейде зайырлы мемлекет бола тұра, заңдарында ежелден келе жатқан христиан дінін құрметтеп, оған басымдылық беретінін айдан анық жазып көрсетеді. Ал біздерде әлемдегі барша дін, ағым, секталарға есік ашық. Атамыз қазақ «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Бала шыр етіп жарық дүниеге келген күннен имандылықты бойына сіңіру, мектепте де жоғарғы оқу орындарында да мұны талассыз жүргізіп отыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Ислам дінінде ата-ананы жоғары қойып, ата-анаңа құрметпен қарап, сыйластықпен өтуді ашық айтып кеткен.

Бұл көкейкесті мәселелерді шешуге мемлекетіміз де, діни басқармамыз да, бүкіл мұсылмандар да атсалысып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруда екені баршамызға мәлім. Қазақстанды мекендейтін мұсылмандар 70% астам. Әрине, бұл — үлкен күш. Бәріміз осы күшті біріктірсек, адамгершілік, әділеттілік, имандық жолын тез қалпына келтірер едік. Мемлекетімізде халықтар татулығы нығайыюда. Өйткені, құқықтық-демократиялық мемлекеттің қайнар көзі де ата-баба қағида-ережелерінде жатыр. Парламентіміз заңдарды құрастырып, бекітіп, қабылдап отырғанда бұларды көзінен таса қалдырмауда. Барша өркениетті елдер өздерінің түп-тамырларына, өткеніне сүйенеді. Жапония да, АҚШ та, Қытай да, Ағылшындар да, Немістер де, Үнділер де дәл солай, қазіргі заңдары өткенінен нәр алған. Ал, біздердің заңымыз, қаншама сұлу, әдемі көрінгенімен дінімізге, руханиятымызға сіңбейді. Сол үшін де заңдарымыз көпшілік көңілінен шықпай жүр. Оған бірер мысалдар келтіре кетейін:

Біріншіден, ата-бабаларымыз кез келген іс-әрекет, ой-ниетті адал-арамға, жақсы-жаманға, обал-сауапқа, дұрыс-бұрысқа бөлген. Бірін — жақсы, екіншісін – күнә дейді. Күнә нәрселер адам баласына зиян келтіреді. Сондықтан да ондай іс-әрекеттер қылмыс, жөнсіз жасалып, кез келген қоғам мүшесі ондай әрекеттерден аулақ жүрген;

Екіншіден, күнә жасаушылар болмауын қоғамның өзі қадағалап, бола қалған жағдайда оның шығу себебін анықтап, оның жайылып кетпеу жағы қарастырылуы, күнә жасаушы міндетті түрде жазасын тартуы, жасаған күнәсіна өкініш білдіруі, екінші рет істемеуге шешім қабылдауы және қылмыс пен күнәнің кешірілуі көзде тұтылады;

Үшіншіден, мұны жүзеге асырушы билер, ақсақалдар және билік басындағылар жақсы біліп қана қоймай, оларды жаман жолдан қайтарып, имандылыққа жетелеу, кез келген қылмысты іс, дау-дамай жариялы түрде, халық алдында өткен. Сөйтіп, жазаның әділдігі өзгелер алдында анықталып, оның үстіне өзгелерге сабақ, үлгі (сот шешімдері) болған.

Өкінішке қарай, осындай нағыз демократиялық принциптер кейбір еліміздегі адамдардың бойында жеткіліксіз. Елімізде жүргізіліп жатқан құқықтық реформалар нәтижелі болуы имандылық пен әділеттілікте жатыр. Ал имандылық пен әділеттілік ата-бабаларымыздың біздерге қасиеттеп қалдырған ұлттық құндылығымыз, болмысымыз болып табылатын әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінде жатыр.

Қ.САЛЫҚБАЕВ,

Түркістан облысы «Дін мәселесін зерттеу орталығы» КММ

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру

                                                                    және үйлестіру бөлімінің басшысы.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin