Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде халық әртістеріне арналған сахна залы мен аудиториялар ашылды

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Қазақстанның халық әртісі, профессор Райымбек Сейтметов атындағы сахна залы ашылды. Сондай-ақ Қазақстанның халық әртістері, оқу орданың профессорлары – Қажыбек Бекбосынов пен Рахима Жұбатурова атындағы қос аудиторияның ашылу салтанаты өтті.

Үш алыптың өнегелі өмір жолы мен өнерін студент жастарға насихаттап, рухтарына тағзым ету үшін еліміздің әр өңірінен ұстаздардың көзін көрген игі жақсылар мен отбасы мүшелері, шәкірттері мен әріптестері жиналды.

Университет ректоры Жанар Темірбекова жиынды ашып беріп, жылдар бойы елеулі еңбек еткен біртуар тұлғалардың оқу ордасы үшін орны бөлек екенін жеткізді. Оқу орнында болашақ өнер жұлдыздарын тәрбиелеп, мәдениет саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар жайлы баяндады. Бүгінде ол кісілердің шәкірттері тәрбиелеген шәкірттердің өнері мен жеткен жетістіктері туралы тілге тиек етті.

– Бүгінгі іс-шара өте ерекше. Райымбек Сейтметов, Қажыбек Бекбосынов, Рахима Жұбатурова да Түркістанға келген сәтінен бастап, адал қызмет етіп, ең маңызды тұлғалардың қатарында болды. Бұл жандардың есімдері қазақтың өнер тарихында өшпес, алтын әріппен қалады. Ол кісілердің рухына бас иеміз! – деді ректор.

Келесі кезекте ректор өкілі Наджи Генч өзінің құттықтау тілегін жеткізді. Өнер мен мәдениетсіз мемлекет болмайтынын, ол жолда еңбек еткен әр жанның қадірі мен орнын айтты. Сондай-ақ облыстық мәслихаттың депутаты Бекарыс Шойбеков, Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев пен облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев естеліктерімен бөлісіп, ақ тілегін арнады. Ұстаз есімін ұлықтағаны үшін отбасы мүшелері алғысын білдірді.

Рухани кеш соңында «Актерлік өнер» мамандығының 4-курс студенттері Рахымжан Отарбаевтың «Айна ғұмыр» драмасын сахналап, жиналған қауымның қошаметіне бөленді.

Айта кетейік, Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметов — қазақ театр сахнасының негізін қалаушы, өмірін өнерге арнаған аңыз тұлға. Кіндік қаны тамған жері, түркі халқының рухани астанасы Түркістанда театр ашып, мәңгі тарихта қалды. Сонымен қатар Ахмет Ясауи университетінде өнер бөлімін ашқан. Райымбек Ноғайбайұлы 1938 жылы 2 наурызда Түркістан облысы, Түркістан қаласында дүниеге келген.

  • 1955 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «актерлік» бөлімін бітірген.
  • 1960 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамына қызметке алынады. (Осы театрда жүріп: Н.Гогольдің «Үйленуінде» Кочкарев; Ә.Тәжібаевтың «Майрасында» Адвокат; Қ.Мұхаммеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» Сұңғат; «Құдағи келіпті» Арыстан; Ш.Айтматовтың «Ана – жер-Анасында» Жайнақты; М.Байджиевтің «Жекпе-жегінде» Әзизді; М.Әцезовтың «Қарақыпшақ Қобыландысында» Бірсімбайды; У.Шекспирдің «Оттеллосында» Касиосын және «Асауға тұсауында» Люченцио сынды т.б. рөлдерді шебер сомдаған дарынды артист).
  • Мәскеудегі театр иниститутының режиссерлік бөлімін бітірген.
  • 1982 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Жастар мен балалар театрын басқарды.
  • Жастар театрындағы алғашқы алғашқы қойылымы — Ә.Тауасаровтың «Аса құрметті Икс» комедиясы. Кейін М.Әуезовтың 1954 жылы жазылып, бірақ жарыққа шықпаған «Алуа» драмасын сахналады. Осы еңбегі үшін 1984 жылы Қазақ КСР жоғарғы кеңесінің бұйрығымен Қазақ КСРнің Мемлекеттік сыйлығының лауреатыатанды. Сонымен қатар, Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқтысын», Ш.Мұртазаның «Қызыл жебесін» және Т.Рұсқұловтың бейнесін, «Сталинге хат», «Бесеудің хатын» сахнаға әкелген дарынды театр режиссері.
  • 1995 жылы кіндік қаны тамған жері, түркі халқының рухани астанасы Түркістанға театр ашуды мақсат етті.
  • 2000 жылы Райымбек Ноғайбайұлының бастамасымен Қазақстан театрларының қатарына ең жас Түркістан музыкалық драма театры қосылды.
  • 2001 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаев Түркістан театрына барып, «Көк түріктер» қойылымын тамашалады. «Райымбек Ноғайбайұлы негізін қалаған Түркістан театрының болашағы зор деп сенемін» деп сол тұстағы Мемлекет басшысы бағасын берген.
  • 1979 жылы Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген өнер қайраткері (құрметті атағы);
  • 1984 жылы Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (құрметті атағы);
  • 1987 жылы Қазақ КСР-нің Халық артисі (құрметті атағы);
  • 2003 жылы Қазақстан Республикасының «Платинды Тарлан» тәуелсіз сыйлығының иегері;
  • Президент жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталған.
  • Түркістан қаласының Құрметті азаматы (құрметті атағы);
  • бірнеше медалдармен марапатталған.
  • Баласы: Азат Райымбекұлы Сейтметов – М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
  • келіні: Данагүл Темірсұлтанова — М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Ал Қажыбек Бекбосынов халық әндерін кәсіби орындаумен көптің жүрегінен орын алған. Өмірінің соңғы жылдарында шәкірт тәрбиелеп, еліміздің бірқатар оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарды. Ол дәстүрлі әншілер арасында өзінің бай репертуарымен көзге түсіп, үш жүздің ән мектебін бір жүрегіне сыйғызған. Бекбосын Қажыбек Құдайбергенұлы 1946 жылдың 19 мамыр айында Талдықорған облысы Қапал ауданы, Қоңыр ауылы, Ұзынбұлақ бөлімшесінде дүниеге келген. Ғ. Орманов атындағы 11 жылдық мектепті бітіріп, Алматыдағы Эстрада және цирк өнері студиясында ҚАЗССР Халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің Халық әні класына оқуға түсті. Оқуды бітіргеннен кейін Мемлекеттік «Қазақконцерт» бірлестігінде әнші-домбырашы болып қызмет атқарған. Мұхит, Ақан сері, Біржан, Әсет, Жаяу Мұса, Кенен Әзірбаев, Естай әндерін нақышына келтіріп орындады. Халқына өнерін паш етіп, тыңдармандарының сүйіктісіне айналды. Қазақстан Республикасының халық әртісі атағын иеленді.

Қажыбек Құдайбергенұлы орындаушылық шеберлігімен қазақ әншілік өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан тұлға ретінде халық жадында сақталады. 2022 жылы қазан айында өмірден озды.

Рахима Жұбатурова қазақ опера және балет театрының лирико-драмалық сопрано әншісі, атақты Нәдия Шәріпова, Ирина Архипова, Тамара Милашкина, Фуат Мансуров, Белла Руденкодай ұстаздардан тәлім алған, өнер жолында талмай еңбек етіп, көптеген шығармаларда басты партияларды, соның ішінде Татьяна, Амелия, Тоска, Сара, Дана, Қамар сұлудың арияларын шырқап, бейнесін сомдаған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin