
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Жаңақорған ауданында «Руханият орталығының» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев қатысты.
Ең әуелі аймақ басшысы жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, өңірдің мәдениет саласында атқарылған жұмыстарға, игі бастамаларға тоқталды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, руханиятымызға баса мән беруіміз қажет» — деген болатын. Былтыр өңірімізде «Руханият жылы» жарияланып, атаулы жыл аясында мәдени-көпшілік шаралармен бірге ауқымды жобаларды да жүзеге асырдық. «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», 1000 орындық «Өнер» орталығы пайдалануға беріліп, жаңадан симфония оркестрі, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды. Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдерінің «Жыраулар үйі» ашылды. «Самұрық қазына траст» қорымен бірге «Үстел теннисі орталығын», «ҚазМұнайГаз» компаниясының демеушілігімен заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайын» ел игілігіне табыстадық. Бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейі, «Шығармашылық академиясы», «Орталық стадион» салынуда. Жаңа нысандар биыл мамыр айында іске қосылады.
«Руханият орталығы – бірліктің ордасы» рухани қазынамызды толықтыратын, жұртшылыққа қуаныш сыйлайтын орынға айналсын. Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, Тәуелсіз еліміздің абыройы асқақ болғай! Ел іргесі бекем, қуаныш құтты болсын!»,- деді Н.Нәлібаев.
Жиында Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, «Айғақ» телерадиокомпаниясының бас директоры, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Қазақстанның Құрметті журналисі Дулатбек Әбіш жиналған қауымды құттықтады. Қоғам қайраткері, Нәжмадин Мұсабаев ақ батасын беріп, ауданның өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер мен мердігер мекеме қызметкерлері марапатталды.
Аумағы 2500 шаршы метрден асатын еңселі ғимаратта аудандық архив, музей, кітапхана, неке қию залы, сондай-ақ ардагерлер мен жастар орталығы орналасты. Бұған дейін бұл мекемелер ескі әрі тар нысанда жұмыс істеген. Мәселен аудандық тарихи-өлкетану музейінің бұрынғы ғимараты 1904 жылы салынған. «Көрме залы мен құнды жәдігерлерді сақтайтын қоймасы, тар болғандықтан, экспонаттарды тиісті талаптарға сай сақтау қиынға соқты», — дейді музей басшылығы. «Экспонаттарымызды сақтау, оны толықтау залға шығару мүмкіндігі болмаса, қазіргі таңда бүгінгі Руханият орталығының ғимаратынан аудандық музейге жалпы көлемі 631 шаршы метр орын беріліп отыр. Оның ішінде музей қоры төменде бөлек орналасқан. Қазіргі таңда бізде музей қорында жалпы 12 мыңға жуық экспонатымыз бар» — деп отыр Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Ажар Жанаева.
Өткен жылы «Руханият жылы» аясында облыстың жеті ауданында «Руханият орталығының» құрылысы басталған болатын. Бірнеше мекемені бір шаңырақ астына біріктірген бірегей кешен бұған дейін Қармақшы, Жалағаш, Шиелі аудандарында ашылды. Енді міне, құны 1,6 миллиард теңгені құрайтын зәулім ғимарат жаңақорғандықтардың көз қуанышына айналып отыр.
Орталықтың тынысымен танысқан облыс әкімі аға буын өкілдерімен және жастармен кездесіп, аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Айта кетейік, биыл — Қызылорда тарихындағы маңызды жыл. Осыдан бір ғасыр бұрын мемлекет астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім шығып, Кеңестердің Бүкілқазақстандық бесінші съезінде «Киргиз Автономиялы Социалистік Кеңес Республикасы» атауы «Қазақ автономиялы Социалистік Кеңес Республикасы» деп өзгертілген. Ұлтымыздың тарихи «Қазақ» атауы қайтарылып, республика астанасы Ақмешіт қаласын Қызылорда деп атау туралы қаулы қабылданған. Еліміздің алғашқы Үкімет басшылығы, басқару институттары осы жерде қалыптасып, нығайды. Алғашқы өнер, білім мекемелері ашылып, әсем ғимараттар бой көтерді.
Биыл ұлт театрының іргетасы қаланған Қызылордадағы Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының құрылғанына 70 жыл толады. Кәсіби өнер ұжымы осы жылдары
300-ден астам қойылымды сахналаған. Республикалық, халықаралық фестивальдерге қатысып, жүлделі орындар иеленген.
Мұнан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Дулатбек Әбіш Жаңақорған ауданындағы «Оқушылар үйі» және «Өнер мектебінің», «Саяжай» мөлтекауданындағы «Жайлы мектептің» жұмыс барысымен танысты.
Жаңа ғимаратта оқушыларға арналған өнер студиясы, тігін шеберханасы, музыка, хореография және ритмика, акробатика залдары орналасқан. Мұнда өскелең ұрпақ шығармашылығын, денсаулығын шыңдайды және қолөнермен айналыса алады.
Үш қабатты «Жайлы мектепте» білім алушыларға қолайлы жағдай жасалған. Кең әрі жарық сыныптар, жоғары сапалы оқу құралдарымен, ақпараттық технологиялармен жабдықталған кабинеттер бар. Кітапхана, зертханалар және шығармашылық үйірмелерге арналған бөлмелер де қарастырылған. Ғимараттың әр қабатындағы инженерлік, жылу, жарық, су және желдету жүйелері заманауи талапқа сай орнатылған. Спорт залы мен демалыс орындары дене шынықтырумен айналысуға, түрлі спорттық жарыстар өткізуге лайықталған.Жыл ішінде Шиелі ауданында да 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» жұмысын бастайды. Облыс орталығындағы «Шығармашылық академиясы», музыкалық колледждің жаңа ғимараты мамыр айында, дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының құрылысы наурыз айында аяқталмақ. Биыл «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен Арал ауданының «Жалаңаш» ауылынан 150 орындық мектеп салынады. Былтыр 3 млрд 100 млн теңгеге 8 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Мемлекет басшысының 1 300 мектепті жаңғырту тапсырмасына сәйкес алдағы 3 жыл ішінде облыстағы 51 мектеп, оның 9-ы биыл күрделі жөндеуден өтеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.