Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Осы орайда, шаһар басшысы күрделі құрылыстан өтіп жатқан, ескі мектептерді аралап шықты.
М.Әйтеновтың атбасын бұрған алғашқы білім ордасы – А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясы болды. Құрылыс жұмыстарын көруге арнайы барған шаһар басшысы жауапты тұлғаларға тапсырылған істің сапалы орындалуын талап етті.
Қазіргі таңда А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясының ішкі бөлмелері сыланып, есік, терезе, электр жүйелері жаңартылуда. Алғашқы әскери дайындық, робототехника, биология, химия, физика кабинеттері де заман талабына сай жабдықталды. Қосымша су жаңа 500-ноутбук, 150 компьютер, 100 планшет сатып алынды.
Ғимаратты аралау барысында шаһар басшысы жұмыстың жүйелі түрде атқарылып жатқанына көз жеткізді. «Құрылысты мерзімінде тапсыруға асығамыз деп, сапаны естен шығармайық»-деген қала әкімі тиісті сала басшыларына құрылыс қарқынын жіті бақылауды тапсырды.
Мұнда күрделі жөндеу жұмыстарының 65%-ы біткен. Ендігі кезекте «отмостка» құю, сыртқы қоршауды салу, көгалдандыру сынды шаруалар атқарылуы тиіс.
№ 107 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРДЫ
Шаһар басшысы М.Әйтеновтың келесі бағыты — Сайрам тұрғын алабындағы Ю. Сареми атындағы №107 мектеп-лицейі. Аталмыш білім ордасы күрделі жөндеуден өтуде.
2000 орынға арналған мектеп 3 қабаттан тұрады. Бұл білім ошағының жылу жүйесі 11 жыл бұрын ауыстырылса, шатыры мен бірнеше есік-терезесінің қойылғанына 8 жыл болған. Биыл ғимараттың тозығы жеткен тұстары бүтінделіп, шатырының 955 м2 ауысты, электр жүйелері 100%-ға жаңарды. Информатика, физика, химия, биология, логопед кабинеттері заман талабына сай жаңғырып, 2 интерактивті тақта, 350 ноутбук, 130 компьютер, 200 планшет, 8 панель сатып алынды.
Ғимарат құрылысын тексеру барысында қала әкімі бірнеше кемшіліктерді байқап, ескертулер жасады.
«Тексеруші топпен істің 100% сапалы орындалуын келіп, қайта көретін боламыз»,-деді әкім жауапты сала мамандарына.
Жалпы білім ошағы жаңа оқу жылына 90%-ға дайын. Қазіргі таңда аяқ жолдар төселіп, асфальттау жұмыстары жүруде.
№11 МЕКТЕПТІҢ ҒИМАРАТЫ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТУДЕ
Шымкент қаласының әкімі А.Навои атындағы №11 жалпы орта мектебіне де барды.
Аталмыш білім ошағы осы кезге дейін күрделі жөндеу көрмеген. Биыл шатырынан бастап, есік, терезе, еденіне дейін толық жаңартылды. Жылу жүйелері 100%-ға ауыстырылып, жаңа қоршау салынды. Сонымен қатар, химия, физика, биология, информатика т.б. зерттеу-лабороториялық кабинеттері қосылды.
250 ноутбук, 100 компьютер, 10 панель сатып алынды.
-Мұның барлығы үлкен жұмыс және жауапкершілік. Жаңа оқу жылы қарсаңында оқушылар жаңа ғимаратқа көшкендей әсерде болады деп ойлаймын. Қандай да ақау шықса, жауапты мердігер мекеме жіберген қателіктерін 5 жыл ішінде қайта түзеп беруі тиіс. Осы жағын дұрыстап қадағалаңыздар,-деді әкім.
Әзірге жұмыстың 85% орындалған. Күрделі жөндеу қыркүйекке дейін толық аяқталмақ.