
Халықты баспанамен қамту — маңызды мәселе. Түркістан қаласында осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
ҚР Конституциясының 30 жылдық мерекесі қарсаңында облыс орталығында әлеуметтік қолдауға мұқтаж 8 отбасыға жаңа баспананың кілті табысталды. Бұл – демеушілердің қолдауымен жүзеге асқан игі бастама.
Үшқоңыр көшесінде орналасқан әсем де жайлы баспаналардың әрқайсысы 68 шаршы метрді құрайды. Үш бөлмелі баспаналар ас үй және жуынатын бөлмемен жабдықталған. Электр желісі, табиғи газ және ауыз сумен қамтылған.
Жаңа қоныс иелерінің қуанышымен облыс әкімі Нұралхан Көшеров ортақтасып, отбасыларға жылы лебізін білдірді.
– Бұл тек баспана беру ғана емес, адамдардың болашағына сенім сыйлау. Осындай қамқорлық пен қайырымдылық істер біздің қаламыздың бірлігін нығайтып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға үлкен үлес қосады. Шаңырақтарыңыз шаттық пен берекеге толы болсын, – деді Нұралхан Көшеров.
Баспана кілтін табыстау сәтінде тұрғындар өз қуаныштарымен бөлісіп, демеушілерге алғыстарын жеткізді.
Айта кетейік, бұл отбасылар облыс әкімінің жеке қабылдауында болып, баспана мәселесін көтеріп, көмек сұраған болатын. Өтініш қабылданды.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында 23 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Жыл басынан бері 400-ден астам пәтер үлестірілді. Жыл соңына дейін тағы 500-ден аса пәтер беріледі деп жоспарлануда.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
