
Мемлекет басшысына қаланың биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында есеп берілді. Жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 31 пайызға ұлғайып, 360 миллиард теңгені құрағанын жеткізді.
Атап өтерлігі, қалалық бюджеттің өзіндік кіріс үлесі соңғы екі жылда 46%-дан 56%-ға өсті. Жергілікті билік 2026 жылға қарай бұл көрсеткішті 72%-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Қаланың экономикалық әлеуетін көтере отырып, республикалық бюджетке жүктемені азайту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
Осы бағытта қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, кірістер органдарымен бірлесіп қаладағы 3 мыңға жуық коммерциялық нысанның бағалау құны нарықтық құнынан бірнеше есе төмен екендігі анықталды. Сол сияқты қала базарларына, ресторан желілеріне және тойханаларға жүргізілген хронометраж жұмыстарының қорытындысына сәйкес, нақты табыс көлемдерін орташа 8 есе төмен көрсеткен.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, биыл бюджет шығыстарының көлемі 841 миллиард теңгені құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 185 миллиард теңгеге артты. Бюджет түсімдерінің көлемі 130 миллиард теңгеге ұлғайып, 473 миллиард теңгеге жетті.
Биыл өнеркәсіп саласында жалпы құны 680 миллиард теңге болатын өнім өндірілген. Құрылыс қарқын алып, 517 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Шымкенттің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру үшін «Жұлдыз» және «Бозарық» жаңа индустриялық аймақтары іске қосылғанын айтты.
Мегаполисте шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 139 мыңнан асты. Аталған секторда 245 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Шымкент қаласының инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жайында баяндады. Жаңа әуежай терминалы салынып, теміржол вокзалы реконструкциядан өтті. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 12 мектеп және Оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Шағын футбол орталығы мен спорт кешені бой көтерді. Жол-көлік инфрақұрылымының дамуы жөнінде айтты.
Оңтүстік айналма жолы және 2 ірі жолайрық пайдалануға берілді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін былтыр – 2 270, биыл 2 743 көше жарықтандырылды.
Президент тапсырмасына сай, активтерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасып жатыр.
Атап айтқанда, Мұз сарайы, Орталық су спорты кешені, №2 қалалық емхана, «Қиял әлемі» технопаркі мен «Кең баба» саябағы мемлекет меншігіне өткен.
Қала экономикасын одан әрі әртараптандыру, қосымша инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті қолдау шараларын күшейту, әуежайға жаңа ұшу-қону жолағын төсеу, мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешу, қала тұрғындарын баспанамен қамту, сондай-ақ жол инфрақұрылымын жаңғырту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
