ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Смитсон институтының басшылығымен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Смитсон орталығының халық шығармашылығы және мәдени мұра арнайы жобалары жөніндегі директоры Халле Батвинге қазақ мәдениетін АҚШ-та белсенді түрде дәріптеп жүргені үшін алғыс айтты.

Орталық жанынан құрылған Қазақстанның мәдени мұра қоры ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді насихаттаумен, сондай-ақ қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрі және рухани өмірін зерттеуге арналған бірлескен ғылыми жобаларды ұйымдастырумен айналысады.

Мемлекет басшысы мәдени дипломатия Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Смитсон институты – әлемнің ең ірі мәдени, білім беру және ғылыми-зерттеу кешендерінің бірі. Оның құрамына 21 музей мен галерея, 14 ғылыми және білім беру орталығы, кітапханалар мен ұлттық зообақтар кіреді.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы «PepsiCo» қоры директорлар кеңесінің төрағасы Стивен Кихоны қабылдады. Кездесуде «PepsiCo» компаниясының Қазақстандағы инвестициялық жобасын жүзеге асыру барысы қарастырылды.

Әлемге әйгілі бренд Алматы облысында снэктер шығаратын зауыт құрылысына кірісті. Инвестиция көлемі – 368 миллион доллар.

Президент жобаны іске асырудан күтілетін экономикалық пайдаға назар аударды. Компания 900-ге тарта тұрақты жұмыс орнын ашудан бөлек, қытырлаққа арналған картопты жергілікті жерде өсіруге ниетті.

Стивен Кихоның айтуынша, бүгінгі таңда бағдарламаға Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Алматы және Жетісу облыстарынан 15-ке жуық шаруашылық қосылған. Бұдан бөлек, шикізатты сақтау базасын кеңейтіп, картоп өнімділігі мен сапасын арттыру үшін ғылыми тәсілге жүгіну жоспарланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев «PepsiCo» компаниясының орнықты агрошаруашылықты дамыту бастамасына қолдау білдіріп, Үкімет пен жергілікті әкімдік өндірістің уақтылы іске қосылуына барынша жағдай жасайтынын айтты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You