Таңертеңнен басталған «Таза Қазақстан» акциясы Еңбекші ауданындағы Цементшілер шағын ауданында да жалғасын тапты.
Жалпы Цементшілер ауданы қаланың Оңтүстік аумағындағы өндірістік аумаққа жақын орналасқан.
Қаладағы түрлі құрылысқа қажетті материалдар осы аумақтан шығарылады.
Тұрғындардың ауызбіршілігі мен тазалыққа жанының құмарлығынан бұл ауданда мұндай тазалық жұмыстары жиі ұйымдастырылып тұрады екен.
Бүгін де тұрғындар өз аулаларында тазалық жұмыстарына бір кісідей жұмыла кірісті. Ауладағы шөптер шабылып, ағаштардың түбі қопсытылды.
Орындықтар сырланып, балалардың ойын алаңшалары тазаланды. Ал аудандық коммуналдық қызмет өкілдері ағаштарды бұтау, жиналған күл-қоқыстарды арнайы техникаларға тиеу жұмыстарын жүргізді.
Цементшілер шағын ауданының тұрғын үй төрайымы бүгінгі тазалық жұмыстарына қатысқан барлық азаматтарға алғыстарын білдіріп, ауланың таза болуы өзімізге байланысты. Біз әрқайсымыз тазалық мәдениетін алдымен өзімізден бастауымыз керек, сонда біздің жастарымыз да тазалықты сақтайтын болады дейді.
Айта кетейік, аталмыш шара Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы жүзеге асыру мақсатында өткізілуде. Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын өткізудің іс-шара жоспары бекітілді.
Экологиялық акцияның алғашқы «Таза өлке» апталығында қала тұрғындары ерекше қолдау білдіріп, қоғам белсенділері, ерікті жастар, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалау, көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарына белсене қатысты.
Акция аясында 380 арнайы техника, 49 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Сонымен бірге, 282 шақырым көше бойы, 85 шақырым аяқ жолдары, 59 мың дана ағаштарды әктеу және қырқу жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде қаладан 300 тонна шамасында қоқыс шығарылды. 355 шақырым ирригациялық жүйе, 95 аялдама жуылып, 1200 дана қоқыс жәшігі (урна), 285 дана орындық сырланды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.