
Шымкентте тұрғындардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қамтылу қарқыны артуда. Қазіргі таңда қала тұрғындарының 80 пайыздан астамы, яғни 1 миллионнан астам адам сақтандырылған. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Шымкент филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығында МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістер мен медициналық сақтандыру аясында атқарылған жұмыс туралы өткен брифингте мәлім етті.
Спикердің айтуынша, 700 мыңнан астам адам жеңілдік санатында, олардың жарнасын мемлекет төлеуде. Алайда 237 492 азаматтың сақтандыру мәртебесі жоқ. Оның ішінде 56 мыңнан астам азамат әлеуметтік осал топты азаматтар санатында.
МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, келесі жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейі) санаттарына жататын азаматтар үшін медициналық сақтандыру жарналарын төлейтін болады.
— Тағы бір жақсы жаңалық – бұған дейін жарна төлемей қалған жағдайда адамның сақтандыру мәртебесі 3 ай ғана сақталатын еді, енді 5 жыл бойы тұрақты жарна төлеген адам болса, жұмысынан айырылған жағдайда бұл мәртебе 6 айға дейін сақталады. Яғни, азаматтар уақытша табысынан айырылып қалса да, медициналық көмексіз қалмайды. Бірақ кейін сол уақыттағы қарызын өтеуі керек болады, — дейді Қор филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова.
Сонымен қатар, ресми жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да сақтандыру жүйесіне жергілікті бюджет есебінен қамтылады. Бұл өз кезегінде халықты жұмыспен қамту мәселелерінде әкімдіктердің жауапкершілігін арттырады. Өңірлер жұмыс орындарын құруға, кедейлікті азайтуға және халықты жұмыспен қамту бойынша белсенді шаралар қабылдауға ынталы болады.
2025 жылдың алғашқы айларында 329 870 адам сақтандырылмаған болса, бес айдың ішінде бұл көрсеткіш 56 925 адамға азайды. Осы нәтижелер жүйелі ақпараттық жұмыстар мен салааралық өзара іс-қимылдың көрсеткіші деуге болады.
Соңғы дерек бойынша, қала халқының саны – 1 271 228 адам. Оның 1 033 736-сы, яғни 81,3%-ы сақтандырылған, ал 237 492 адам (18,7%) әлі де сақтандырылмағандар қатарында қалып отыр. Бұл – маңызды мәселе. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында осал әлеуметтік топтар үшін медициналық сақтандыру жарнасын жергілікті бюджет есебінен төлеу қажеттігін атап өтті. Соған сәйкес, қала әкімдігі мен емханалар сақтандырылмаған тұрғындармен тығыз жұмыс жүргізуде.
2025 жылғы 18 маусымнан бері жүргізілген үздіксіз жұмыстың нәтижесінде 6 434 адам сақтандырылды. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Себебі денсаулық сақтау – ұлттық қауіпсіздік пен адами капитал сапасының негізі. Осы орайда, ақпараттық түсіндіру шараларын күшейтіп, азаматтардың өз мәртебесін тексеріп, жүйеге қосылуын қамтамасыз ету басты басымдық болып отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.