Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңір орталығы — Түркістан қаласының активімен кездесті. Көшпелі мәжілісте шаһардың өзекті мәселелері ортаға салынып, шешу жолдары талқыланды. Халықпен алғашқы жартыжылдықтағы кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысы сараланды. Өңір басшысы кемшіліктерге жеке-жеке тоқталып, жұмыс барысындағы олқылықтарды ортаға салды. Қала әкіміне тапсырмалар берілді. Жиын барысында қызметіне сәйкес келмейтін басшылар мен мемлекеттік қызметшілерге шара көрілетіні мәлім болды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға ерекше мәртебе беру мәселесін көтеріп, айрықша қолдау білдіріп отыр. Түркістан – Түркі әлемінің орталығына айналуы тиіс. Басқа аудан, қалалар Түркістанға қарап бой түзейтінін ескерсек, мұндағы жұмыс сапалы әрі мазмұнды болуы керек. Түркістан дамыса, өзге аудандар да дамиды. Жұмыс бар. Бірақ сол қарқынды түсірмей, тиісінше арттыра түскен жөн. Түрлі сала бойынша мәселелер, кемшіліктер айтылды. Осыларды қысқа мерзімде жоюды тапсырамын. Қалаға инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, туризм саласын дамыту, бюджетті ұлғайту бойынша нақты жұмыс пен нәтиже күтемін. Қаланың сәулеті, құрылысы, көгалдандырылуы, абаттандыру жұмыстарын да жандандыра түсуді тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.
Өз кезегінде Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков қаланың әлеуметтік һәм экономикалық дамуы туралы және 2022 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
Түркістанның даму барысы талқыланған мәжілісте Дархан Сатыбалды қала әкіміне инвестиция тарту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы ақпарат беру, инфрақұрылымды жақсарту, білім саласын жаңғырту және өзге де мәселелер бойынша жұмыс атқаруды тапсырды. Басқарма басшыларымен бірлесе еңбек етуді жүктеді. Әрбір орынбасар мен бөлім басшыларының уәждері тыңдалды.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев шаһардағы идеология, білім саласы, туризм, жастар саясаты, мәдениет салаларындағы мәселелер бойынша өзекті мәселелерді қозғады.
Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов Түркістанның экономикалық-әлеуметтік дамуындағы кедергілерге тоқталды. Анықтаған бірқатар кемшіліктер бойынша қолға алынатын шараларды баяндап берді. Негізгі көрсеткіштерге тоқталды.
Түркістанның жалпы аумағы соңғы үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайып, халық саны 165,4 мың адамнан 221 мыңға адамға жетті. Өзіндік кірістердің көлемі 2022 жылдың қорытындысымен 15 миллиард теңге болса, 2023 жылға 17,8 миллиард теңге болып, өсім 18,7% пайызды құрады.
Жалпы өңірлік өнім көлемі өткен жылдың қорытындысымен есептегенде 319 миллиард теңгені құрады. Өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – өнеркәсіп саласында 2022 жылы 21,1 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Жыл басынан бері қаңтар-наурыз айында 6,2 миллиард теңгенiң өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 3,2 пайызды құрады. Өткен жылы қалаға 304,9 миллиард теңге инвестиция тартылды. Биыл инвестиция көлемі 348,9 миллиард теңге болады деп жоспарланған. Қалада «TURKISTAN» индустриалды аймағы жұмыс істейді. Қазіргі таңда онда 19 жоба орналасқан. 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.
«Түркістан» индустриалды аймағының жалпы аумағы 350 гектарды құрайды. Сонымен қатар, 350 гектардың 160 гектары Арнайы экономикалық аймаққа (СЭЗ) берілуі жоспарлануда. Қазіргі таңда Түркістан индустриалды аймағында 1360 жұмыс орнын құрайтын және жалпы құны 14,5 млрд.теңге болатын 28 жоба орналасқан. Оның ішінде жалпы сомасы 8,564 млрд. теңгені құрайтын 19 жобаға іске қосу актісі алынған. Олар:
- «Туркестан Трасса» ЖШС.
- «Азрет-ЖолҚұрылыс» ЖШС.
- «Kadiris» ЖШС.
- «Grand Miks» ЖК.
- «Grand Miks» ЖК – ІІ кезең.
- «Стройсервис-ХХІ» ЖШС.
- «Cordial Turkestan» ЖШС.
- «Turkistan textile» ЖШС БК.
- «SouthAluplast» ЖШС.
- «Алем Бетон — 1» ЖШС.
- «MAKS BETON» ЖШС.
- «Нурлы НазАй» ЖШС.
- «Kaztor LTD» ЖШС.
- «АЗИЯ АГРО» ЖШС.
- «Айбек ЛТД» ЖШС.
- «EKP Group 878» ЖШС.
- «Спецстрой» ЖШС.
- «Баянды Құрылыс» ЖШС.
- «Оспан» ЖК.
Солардың бірі – Түркістан қаласының индустриалды аймағында орналасқан Turkestan Textile тігін фабрикасы. Ашылғанына бірнеше ай болған компанияда қазіргі таңда 100-ден астам адам жұмыспен қамтылған.
Тоқыма өнімдерін өндіретін тігін фабрикасы салтанатты түрде сол тұстағы премьер-министр Асқар Мамин мен Өзбекстанның премьер-министрі Абдулла Ариповтың қатысуымен ашылған. Бүгінде қазақ-өзбек біріккен кәсіпорнының өніміне сұраныс өте жоғары. «Turkestan Textile» тігін фабрикасының директоры Алишер Абултаевтың айтуынша, негізінен Өзбекстан инвестициясы есебінен салынған кәсіпорында сырткиімдер, арнайы кәсіп иелеріне арналған киімдер, өндіріске қажетті қолғаптар, төсек жаймалары, құрақ көрпелер мен медициналық киім-кешектер тігіледі. Қазіргі таңда медициналық киімдер мен электршілерге қажетті қолғаптарға сұраныс мол.
Нарыққа сай қажеттілік болса, мектеп формасы мен костюм-шалбарлар да тігіліп, жұртшылыққа ұсынылады.
«Қазіргі таңда Түркістандағы тігін фабрикасының өнімдері Астана, Алматы, Шымкент қалаларына саудаланып жатыр. Сұраныс жақсы. Түркістан облысымен қатар өзге өңірлерге де шығарылуда. Біз негізінен Түркістан қаласында тұратын көпбалалы, әлеуметтік көмекке мұқтаж аналарды үйретіп, жұмысқа қабылдадық. Мақсатымыз – жұмыс орнын көбейтіп, отандық өндірісті дамыту», – дейді ол.
Жалпы бұл фабрика бір айда 15 мың дана тоқыма өнімін шығаруға қауһарлы. Жалпы зауытқа тартылған инвестиция сомасы – шамамен 420 миллион теңге.
Жалпы, Түркістан облысында мақта кластерін дамыту мақсатында шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық беріледі. «Turkistan» индустриалды аймағында жеңіл өнеркәсіп жетекші салаға айналмақ.
Түркістан мақта өсіретін жалғыз өңір болғандықтан, мақта кластерін дамытуға күш салынуы – заңдылық. Жергілікті атқарушы билік органдары үшін бұл бағытты барынша дамыту, халықаралық нарыққа шығу маңызды. Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин биыл ақпанда облысқа сапары барысында мақта зауыттарының басшыларымен, шаруалармен кездесіп, мақтаны терең қайта өңдеуге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін, бұл бағытта нақты қадамдар жасалатынын айтқан болатын. Министрдің сөзін қуаттаған шаруалар кездесуде айтылған нақты қадамдардың алғашқысынан хабардар болып отыр. Яғни Түркістан облысында мақта кластерін құру жобасы әзірленді. Жобаны талқылау және сарапшылар, мамандар пікірін білу мақсатында өткен мәжілісте облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған саланы дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу аса маңызды екенін жеткізді. «Облыстың өзіндік табысын арттыру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу керек. Бұл ретте мақта кластерін дамытудың маңызы зор. Осы салада ірі фабрика, зауыт ашамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Екіншіден, мақта өсіруде су үнемдеу технологиясын мейлінше жетілдіру қажет. Жалпы мақта шаруашылығы үлкен ізденістер мен зерттеулерді талап етеді. Облыс әкімдігі тарапынан мақта кластерін дамытуға жағдай жасалады. Осы бағытта үлкен жоспарларымыз бар», деді облыс әкімі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Е.Жәнібековтің айтуынша, мақта шаруашылығын әртараптандыру, мақта-тоқыма кешені кәсіпорындарын дамыту және 2027 жылға дейін тоқыма өнеркәсібінің бәсекеге қабілетті өнімін алу мақсатында шитті мақта өсіруден бастап, жоғары сапалы өнім шығаратын 75 кәсіпорын ашу, 9 кластер құру көзделіп отыр. Сондай-ақ мақта талшығын қайта өңдеу көлемін 100 пайызға жеткізу, 41 мыңнан астам жұмыс орнын ашу межеленген. Мата, май, киім және мақтадан өзге де өнімдер шығару мақсаты да қойылған.
Мақтаның басым бөлігі Мақтаарал және Жетісай аудандарында өсіріледі. Бұл орайда Жетісай ауданында инвесторлар тарту жұмыстары жүргізілуде. «Осы мақсатта өткен жолы көршілес Өзбекстан Республикасында мақта кластерін дамыту үшін инвесторлармен іскерлік кездесулер өткізіліп, екіжақты келіссөздер жүргізудің алғышарттары жасалуда. Биыл азаматтардың жеке қаражаттары есебінен Ж.Ералиев ауылдық округінен құны 300 миллион теңгеге 10 мың тонналық «Тұран мақта» ЖШС «Мақта шикізатын өңдеу зауыты» жобасын, Жаңаауыл ауылдық округіндегі құны 350 миллион теңге болатын «Тоқыма емес мата өндірісі» жобасын, Мақталы ауылдық округінен құны 790 миллион теңге болатын «Мақталы Жер» ЖШС «Тұқымдық шит өндірісі зауыты», 100 миллион теңгеге бақша өнімдерін қайта өңдеу цехы, Жетісай қаласындағы құны 200 миллион теңгеге аяқкиім өндірісі жобасын жыл соңына дейін іске қосу жоспарлануда», — дейді Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков. Аудандағы 76,2 мың гектар егістің 45 мың гектарына мақта егілген. Ал Мақтаарал ауданында былтыр 40,4 мыңнан аса гектарға мақта дақылы егіліп, 106 мың тоннадан астам өнім жиналған болатын. Биыл мақта алқабы біршама қысқарып, 35,7 мың гектарға егілген. Ауданда өзбекстандық «Clobal Textile» компаниясының сүйемелдеуімен Өркениет елді мекенінде шаруалар 15 гектар жерге эксперимент ретінде мақтаның «Наманган» тұқымын еккен болатын. Биылдың өзінде аталған компания Мақтаарал ауданында 10 мың гектарға жуық жерге «Сұлтан» және «Наманган» тұқым сорттарын жеткізуді және күзге қарай аталған сорттардың мақта талшығын сатып алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ аудан әкімдігінің мәліметінше, 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қосу көзделген. Ол үшін 2023-2027 жылдарға арналған «Global textile. Turkistan» жобасы дайындалған. Құны 45 миллион доллар болатын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта, мата бояу және тігін фабрикалары іске қосылатын болады.
Айта кетелік, жері құнарлы, ауа райы қолайлы өңірде жыл басынан бері ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 163,5 миллиард теңге болып, нақты көлем индексі 102,0%-ға орындалды. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 10,1 миллиард теңге инвестиция тартылған. Биыл АӨК саласында жалпы құны 54,1 миллиард теңге болатын 60 жобаны іске асыру жоспарланған. Қазіргі таңда құны 4,9 миллиард теңге болатын 16 жоба іске қосылды. Атап айтсақ, 200 басқа арналған тауарлы сүт фермасы, 4 мал бордақылау алаңы, 3 сүт өңдеу цехы, 2,1 гектар аумаққа 2 фермерлік жылыжай салынды. Сонымен қатар 490 гектар жаңбырлатып суару бойынша – 3, балық өсіру бойынша 3 жоба жүзеге асырылды. Бұдан бөлек, құны 107,3 миллион доллар болатын 271,5 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі шетелдерге экспортталды.
Атап өтейік, бүгінде Түркістан өңірінде 9 индустриалды аймақ бар. Жақын күнде тәжірибемізде алғаш рет іске асқалы жатқан агроиндустриалды аймақтың да ашылуы жоспарлануда. Одан бөлек, Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта Brownfield (Браунфилд) – дайын өндіріс ғимараттары салынған. Түркістан қаласында ғана емес, жалпы облыс аумағында да өңірдің инвестициялық климатын жақсарту және жергілікті инвесторларға қолдау көрсету мақсатында өңірімізде өндірістік ғимараттар салу бойынша жұмыстар атқарылуда.
Мұнда кәсіпкерлер үшін инфрақұрылым жұмыстары индустриалды аймаққа дейін тартылады. Яғни, ауыз су, газ, электр және жарықтандыру желісі, жол, жер жұмыстары мен қоршау жүргізіледі.
Жалпы индустриалды аймақтың аумағы 538 гектарды құрайды. Түркістан облысының индустриалды аймақтарында 63 жоба орналасқан. Жалпы құны – 44,4 млрд. теңге. 3092 жұмыс орны бар. Олардың қатарында «Grand Miks», «Асыл Бастау.KZ», «Көрік ШҚ», «CG Food Central Asia», «Kaztor LTD» сынды бірқатар кәсіпорындар бар. Аймақта құрылыс жабдықтарын өндіруге басымдық берілген. Атап айтсақ, бетон, темір бетон, кірпіш, торлар, трансформаторлық жабдыққа арналған жинақтауыштар мен ас тұзы, дайын тағам өндірісі, ауыз су және шырын, жиһаз және жиһаз жабдықтары, тігін, мақта талшықтарын қайта өңдеу және т.б. кәсіптер кеңінен дамыған.
Нұрбол Тұрашбеков өз сөзінде 2022 жылы Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристердің саны 1451 мың адамға жеткенін де атап өтті. Жыл басынан бері үш айдың ішінде Түркістанды тамашалауға келгендер саны 130,5 мың адамға жетті, яғни былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,4% өсті. Бүгінде Түркістандағы орналастыру орындары – туристер тұру үшін және оларға қызмет көрсету үшін пайдаланылатын қонақ үйлер, мотелдер, кемпингтер және басқа да ғимараттар мен құрылыстар саны 57-ге жетті. Ірі жобалар іске қосылып, туризм саласы жаңа қарқын алды. Бірнеше саябақ пен қонақ үйлер, ойын-сауық орталықтары ашылды.
Биыл Түркістан қаласында жалпы көлемі 400 мың шаршы метрден асатын 6 мыңға жуық пәтер пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде бюджет есебінен 66 үйдің құрылысы жүргізілуде, оның 59 үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал жеке инвестиция есебінен 46 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, Түркістан қаласын одан әрі дамыту мақсатында жаңадан салынатын 800 пәтерлі, 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы облигация есебінен (кредиттік тұрғын үй) басталып, нәтижесінде халық игілігіне 220 мың теңгеден ипотекаға беріледі.
Қазіргі таңда Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 15864 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп тұр. 2022 жылдың қорытындысымен 3155 пәтерді құрайтын 49 үй пайдалануға берілді. Оның ішінде ипотекамен 2683 пәтер, көп балалы отбасыларға 544 пәтер, әлсіз топтағы азаматтарға 244 пәтер тапсырылды.
Қала аумағында мектептердің мәселесін шешу мақсатында 7 мектептің құрылысын 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы жүзеге асыру жоспарланған. Оның үшеуінің құрылысы басталып кетті.
Түркістан қаласында қазіргі уақытта 21 қоғамдық көлік бағыты бар. Оларға 2 тасымалдаушы мекеме 210 автобус, шағын автобустармен қызмет көрсетеді. Түркістан қаласы облыс орталығы статусын алғалы қалаға жаңа 86 автобус алынған. 2023 жылы Түркістан қаласына тасымалдаушы мекемелер есебінен 46 жаңа автобус алу жоспарлануда. Жаңа автобустар алынған жағдайда жаңадан №16 бағыттын ашу, сондай-ақ №4, 4а, 2а, 9, 9а бағыттарындағы шағын автобустарды сыйымдылығы жоғары 46 автобустарға ауыстыру жоспарланған. Өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесімен, қала аумағындағы 123,1 шқ құрайтын 93 көшеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жарықтандырылған көшелер үлесі 57,4 пайызға жетті (485 көше, 618,6 шақырым). 2023 жылы Түркістанның жарықтандыру жүйесімен қамтылған көшелер үлесін 86,5 пайызға (895,8 шақырым құрайтын 757 көшені) жеткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта нысан бойынша құрылыс жұмыстары 132,8 шақырым құрайтын 134 көшеде аяқталды. (Оның ішінде қосылғаны 113 көше – 109.5 шақырым). Қалған 144,4 шақырымды құрайтын 138 көшеде құрылыс жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін аяқталады. Өткен жылғы Түркістан қаласында жүргізілген жолдың құрылыс және орташа жөндеу жұмыстары нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 333,6 шқ. (39,5 %) құраған болатын. 2023 жылдың қорытындысымен, орындалған орташа жөндеу жұмыстарының нәтижесіне сәйкес, 399,34 шақырым (47,2%) асфальт жол, 445,6 шақырым (52,8%) тас жол құрайтын болады. Өткен жылы қала аумағындағы сарқынды су жүйесі жүргізілген сондай-ақ, қоғамдық көліктер қатынайтын 48,6 шақырымды құрайтын 42 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Қазіргі уақытта соның 17,1 шақырымды құрайтын 18 көшесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, өткен жылы жалпы құны 19,2 миллиард теңгені құрайтын 4 нысанның құрылысы бастау алған. Олар: Ә.Жангелдин көшесі, І.Қожабаев көшесі, Қазыбек би – О.Жарылқапов аралығындағы жол және Қалаби көшесі. Құрылыс жұмыстары барысында жүріс бөлігі 4 жолақты жолға кеңейтіліп, жарықтандыру жүйесі, аяқжол (тротуар), веложол, суағар науа, көпір құрылысын салу жұмыстары жүргізіледі. Халықпен кездесу барысында Бекзат мөлтекауданында теміржол үстінен жаяу жүргіншілер көпір салуды сұраған болатын. Осыған байланысты, ағымдағы жылы 2 жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы басталып жатыр.
2023 жылы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік нысандарға (мектеп, балабақша және т.б.) баратын және соларға қосалқы жатқан, жалпы 42 шақырымды 43 көшеге аяқжол құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда оның 16,7 шақырым құрайтын 22 көшесінде құрылыс аяқталды. Сонымен қатар, қала аумағындағы топырақ жолдардың санын азайта отырып, тас төселген көшелердің санымен сапасын арттыру мақсатында қала аумағындағы 6 секторда ақпан айынан бастап тас төсеу жұмыстары басталған. Қазіргі таңда 56 шақырымды құрайтын 65 көшеге тас төселген. 2023 жылы орташа жөндеу жұмыстары 65,7 шақырымды құрайтын 48 көшеде жүргізіліп, нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 47,2 пайызға жетеді.
Сонымен қатар, Түркістан қаласында сарқынды су желісі – 127,25 шақырым, оның ішінде – магистральдық – 39 шақырым, көшедегілер желісі – 40 шақырым, ішкі орамдағы және ішкі ауладағы желілер – 48.2 шақырымды құрайды. Түркістан қаласында – 27 КНС және сарқынды су тазалау ғимараты /КОС/ жұмыс істейді. Оның қуаттылығы 20000 м³/тәул. Қалада – 38220 абоненттің 12297 аішінде 17 КНС пен КОС 2014 жылы іске қосылған. Қала көлемін сарқынды су жүйесімен және абоненттік қосылымдармен қамтамасыз ету мақсатында жалпы 15 жоба іске асырылуда. Қазіргі таңда, 7 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 3 нысан 2023 жылы пайдалануға тапсырылады, 6 нысан республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылып, 2 нысанның жобалау сметалық құжаттамалары әзірленуде. Аталған жобалар толықтай іске асырылған жағдайда қала аумағы 90%, ал нақты 2023 жылдың соңына дейін 40% сарқынды су желісімен қамтамасыз етілетін болады.
Түркістан қаласында гидрантты жүйемен суғару жұмыстары 6 кезеңге бөлінген.
1-кезең — Ботаникалық бақ аумағы (трапеция), 611 гектар, 62 шақырымы іске қосылған.
2-кезең — Б.Саттарханов даңғылы мен Майкотов көшесінің аралығы, 620 гектар, 110 шақырым іске қосылған.
3-кезең — Қазыбек би мен Жарылқапов көшесі аралығы, Батыс Қытай Батыс Европа жолының бойы (магистраль), 336 гектар, 25 шақырым жұмыс жүргізілуде.
4-кезең — Кентау тас жолы, Оралман аумағы. Қотырбұлақ су сақтау қоймасынан қалаға кіре беріс, 320 гектар, 40 шақырым іске қосылған.
5-кезең — Б.Саттарханов даңғылынан Ортақ тұрғын үй массиві аралығы, 2023 жылға жоспар.
6-кезең — Тұран аумағы гидрантты жүйемен қамтамасыз ету, 2023 жылға жоспар.
Қаланың микроклиматын өзгерту және қала ішін суландыру жүйелерін жүргізу бойынша бірінші кезекте ирригациялық жүйелер жүргізілген.
Жалпы ирригациялық каналдар 22,5 шақырымды құрайды.
Р-33 каналы Қазыбек би саябағынан Б.Саттарханов даңғылы аралығы 3,4 шақырым,
Р-33,2 «Керуен Сарай», Инфекциялық аурухана аралығы 2 кезең 6,1 шақырым,
Ботаникалық бақтан Шипа су аралығына дейін 4 шақырым,
Р-32,2 каналы Шекті Тілеу Жібек жолы көшесінің бойы 3,7 шақырым
Құлан Ақын көшесі бойындағы ирригациялық канал 1,1 шақырым,
Р-32 «Батыс Қытай -Батыс Еуропа» автожолы бойы 3,1 шақырым.
Р-32А Қалалық Емхана аумағы 1,1 шақырым
Б.Саттарханов даңғылы бойы (Желілік Саябақ)
Облыс әкімі Түркістан шаһарындағы бірыңғай байланыс орталығының жұмысын оң бағалады
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, Түркістан қаласындағы 109 — бірыңғай байланыс орталығы 2020 жылы іске қосылған болатын. Бұл жүйе арқылы қала тұрғындарының жергілікті атқарушы органдарға келу қажеттілігі мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мәселелерді жылдам шешу мақсат етілген.
Сондай-ақ бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аталған орталыққа арнайы барып, жұмысымен танысты. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков атқарылған істер мен жұмыс механизмі туралы баяндап өтті. Облыс басшысы мамандармен кездесу барысында халықпен кері байланыс орнату маңызды екеніне тоқталды.
— Әрбір тұрғынның мәселесін, мұң-мұқтажын мұқият қараңыздар. Біз ашық болуымыз керек. Көтерілген проблемалар мен айтылған ұсыныстарды саралап отырсақ, жұмысымызды оңтайландыратыны белгілі. Сондықтан сіздерге жауапкершілікті сезіну жүктеледі, — деді Дархан Амангелдіұлы.
Байланыс орталығы әкімдік жұмысының сапасын жақсартуға өз септігін тигізіп келеді. Облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарының арыз-өтініштерін тіркей отырып, өзекті мәселелер зерделеніп, ұсынылуда. Келіп түскен талап-тілектер негізінде инфрақұрылымдық жүйелер бойынша орын алған олқылықтарды шұғыл ретке келтіру шаралары атқарылуда. Орталыққа келіп түсетін өтінімдер 5 категория бойынша қаралады. Олар: кеңес беру, оқиға, ұсыныс, шағым және алғыс.
Жыл басынан бері Түркістан қаласы бойынша 42 мыңнан астам өтінім қабылданған. Оның 400-ге жуығы қаралу үстінде, ал қалған талап-тілектер оң шешіліп, өтініш иелеріне жауабы жолданған. Шағымдардың басым бөлігі инфрақұрылым, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік салаларға қатысты тіркеледі.
Бірыңғай байланыс орталығында оператор, инспектор, PR-менеджер, талдау секторының меңгерушісі, сапаны бақылау талдаушысы, методолог-талдаушы және талдаушы мамандары сынды жалпы 41 адам 4 ауысыммен қызмет етеді. Мұнымен қоса, қала аумағы 6 секторға бөлінген және әр секторда байланыс орталыққа бағынысты дербес бөлімдер бар. Онда 82 адам жұмыспен қамтылған.
Азаматтар орталыққа 109 қысқа нөмірлі байланыс телефонына қоңырау шалу арқылы өтінім білдіре алады. Call-орталық тәулік бойы қызмет атқарады. Одан бөлек, Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларда, WhatsApp мессенджерінде, Telegram желісіндегі чат-ботта өтінімдер қабылданады. Айта кетейік, Бірыңғай байланыс орталығының қызмет көрсету барысында тұрғындардың өтініштері SLA жүйесіне негізделген регламент бойынша орындалады.
Талап-тілек демекші, Түркістан облысында аудан, қала әкімдерінің тұрғындармен кездесулері тұрақты түрде жалғасып, онда көтерілген мәселелер шешімін табуда. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың «Бірлік» секторы тұрғындарымен кездесуінде де маңызды мәселелер көтерілген болатын. Өтініштер назарға алынып, тапсырмалардың орындалуы түзілген жоспарға сай жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда, «Бірлік» секторының 49 көшесіне кәріз жүйесі жүргізілді. Секторға қарасты Сарысу көшесіне интернет байланысын күшейту мақсатында қабылдағыш құрылғылары орнатылып жатыр. Тұрғындардың ұсынысына сәйкес, Еділ көшесіндегі көгалды аймақтың күтімі үшін су ұңғымасы қазылып, сондай-ақ, тұрғындардың сұранысы бойынша №16 қоғамдық көлік халыққа қызмет етіп жатыр. Ал Шамил Дүрия, Алғабас, Үржар көшелерінде ойын алаңшаларының құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ықылас көшесін көгалдандыру қолға алынып, ағаш көшеттері егілді.
Бұдан бөлек, «Яссы» секторына қарасты А.Юсупов көшесіндегі тұрғын үйлер нөмірі жүйелендіріліп, аталған көшенің тұрғындарының өтініші бойынша аймақтағы жол тұйықтары реттелді. Т.Бокин көшесіндегі көпқабатты үйлердің аулалары абаттандырылып, асфальт төселді. 5-ші көше және И. Алтынбек көшелеріндегі су ұңғымалары реттелді. Р.Тойшыбаев көшесіндегі электр қуаты, тұрғын үйлердің ауыз су мәселесі шешімін тауып, жол қайта қалпына келтірілді. Сонымен қатар Кентау тас жолы бойы тазаланып, көгалдандырылуда. Тұрғындарының сұранысына орай, №2, №2а қоғамдық көліктер бағыты ұзартылып, Сақ қорған көшесінде балалар ойын алаңшасының құрылысы басталды. Байдалы, Шоқтас Майлыкент көшелеріне ұялы байланыс құрылғысы және И. Алтынбеков, Р.Тойшыбаев көшелеріне бақылау бейнекамералары орнатылды.Тұран мөлтек ауданындағы электр желілері және трансформаторлар қайта жаңартылуда. Үстірт, Қарасай батыр, Есет батыр көшелеріндегі жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Кездесулерде халық тарапынан көтерілген мәселелер назарға алынып, оларды шешу бойынша жұмыстар жалғасады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.