
ЖРВИ мен тұмауға қарсы эпидемиологиялық маусым 2025 жылдың 1 қазанынан 2026 жылдың 30 сәуіріне дейін жалғасады. Осы кезеңге байланысты Шымкент қаласының медицина ұйымдары кешенді дайындық жұмыстарын аяқтады. Бұл жөнінде бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Мелесқызы Тұрымбетова толығырақ мағлұмат берді.
Емханаларда тұрғындарға қолжетімді болу үшін қосымша 81 телефон желісі және 71 автокөлік бөлінді. ЖРВИ және тұмаумен ауырған науқастарды жатқызуға 367 төсек орын дайындалды, оның 322-сі инфекциялық ауруханаларға, қалғаны балалар ауруханаларына бөлінді.
Қала дәріханаларында вирусқа қарсы дәрілер қоры жеткілікті: тамифлю – 8 740 дана, реленза – 5 137 дана, оксалин майы – 1 350 дана. Сонымен қатар санитариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспары бекітілді.
Медициналық ұйымдарда маска тағу режимі енгізіліп, фильтр-зоналар ұйымдастырылған. Температуралық режим мен дезинфекция күшейтілген. Жүкті әйелдер мен 1 жасқа дейінгі балаларға күнделікті патронаж және үй жағдайында алғашқы көмек көрсету шаралары қолға алынған.
Білім беру ұйымдарында да алдын алу жұмыстары жүргізілу үстінде. Әр мектеп пен балабақшада таңертеңгі сүзгі өткізу мен санитарлық талаптарды сақтау, сыныптар мен кабинеттерге антисептиктер орнату қатаң бақылауға алынған. Егер бір сыныптағы оқушылардың 20-30 пайызы сырқаттанса, сабақтар уақытша онлайн форматқа ауыстырылады.
Мамандардың айтуынша, ЖРВИ мен тұмаудың алдын алудың ең тиімді тәсілі — вакцина алу және жеке гигиенаны сақтау. Дәрігерлер тұрғындарды өз денсаулығына бейжай қарамай, маусымдық екпеден өтуді және қоғамдық орындарда сақтық шараларын ұстануды ұсынады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
