Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифинг: Шымкент шаһарында құтыру ауруының алдын алу тұрақты бақылауда тұр

Адамның өмірі мен денсаулығы – ең қымбат байлық. Бірақ кейде бейқамдық салдарынан бұл байлыққа қауіп төндіретін жұқпалы індеттер кездеседі. Солардың бірі – құтыру ауруы. Бұл дерт адам мен жануарларға ортақ аса қауіпті зоонозды инфекциялардың қатарына жатады және орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Бұл жөнінде бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы Мұрат Алмаханбетұлы Ағабаев жан жақты айтып өтті.

Құтыру көбіне ит пен мысық, түлкі мен қасқыр секілді ауру жануарлардың тістеуі, тырнауы немесе сілекейінің ашық жараға түсуі арқылы жұғады. Егер адам дер кезінде медициналық көмекке жүгінбесе, вирус ағзада жасырын дамып, біртіндеп ауыр зардаптарға алып келеді.

2025 жылдың 9 айында Шымкент қаласында құтыру ауруы тіркелген жоқ. Бұл алдын алу шараларының жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен, қалада түрлі жануарлардың тістеуі немесе тырнауы салдарынан 2735 адам медициналық көмекке жүгінген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі 49,1 пайызды құрайды.

Жарақаттардың басым бөлігі – ит пен мысықтан (94,7%), оның ішінде белгісіз жануарлардан зардап шеккендер — 58,6 пайыз мөлшерінде. Көптеген жағдай балалардың мектепке барар немесе қайтар жолында топтасқан қаңғыбас иттердің шабуылынан болған. «Барлық зардап шеккендерге құтыруға қарсы антирабиялық екпе курстары толық көлемде жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар қаладағы медицина мекемелерінде тұрақты бақылауда», — дейді Мұрат Алмаханбетұлы.

Мамандардың айтуынша, құтырудың алдын алудың ең тиімді тәсілі – вакцина алу және қауіпсіздік шараларын сақтау. ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, құтыру жұқтыру қаупі жоғары топтарға жыл сайын жоспарлы түрде антирабиялық вакцина егіледі. Бұл қатарға зертхана қызметкерлері, жануарларды аулау қызметінің мамандары, аңшылық және орман шаруашылығы қызметкерлері, кинологтар және жабайы жануарлармен байланысқа түсуі мүмкін адамдар кіреді. Сондай-ақ, кез келген жануар тістеген немесе тырнаған жағдайда адам міндетті түрде егілуі тиіс.

Белгісіз немесе күдікті жануар тістеген кезде жараны дереу сабынды сумен жуу, антисептикпен өңдеп, стерильді таңғыш қою қажет. Ең бастысы — уақыт жоғалтпай медицина мекемесіне жүгіну. Құтыруға қарсы вакцина зақымданған сәттен бастап 0, 3, 7, 14 және 28-күні егілетін арнайы кесте бойынша жүргізіледі.

Шымкент қаласында құтыруға қарсы көмек №2 қалалық аурухананың «Рабиология» бөлімшесінде (Жандосов көшесі, 92) тәулік бойы тегін көрсетіледі. Вакцина қоры жеткілікті.

Қала тұрғындарына ветеринариялық қауіпсіздік шараларын сақтау да маңызды:

  • ит пен мысықтарға жыл сайын құтыруға қарсы екпе салдыру;
  • үй жануарларын чиптеу және тіркеу;
  • иттерді байлап ұстау, бейтаныс жануарларға жақындамау;
  • күдікті жануарларды көрсе, ветеринар мамандарға хабарлау.

Халық даналығында айтылғандай, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде». Құтыру – емі жоқ қауіпті дерт, бірақ оның алдын алуға болады. Дәрігерлер дер кезінде вакцина алып, қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Әр адамның денсаулығы – өз қолында!

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You