Заңсыз жер қойнауын пайдаланушылармен күрес Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жеке бақылауында

Түркістан облысында заңсыз жер қойнауын пайдаланушылармен жаппай күрес басталды.


Облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаевтың басқаруымен арнайы жұмысшы топ құрылды. Бүгіннен бастап, Түркістан облысы әкімдігінің «Ситуациялық орталығы» облыс аумағындағы барлық өзен арналарында ғарыш мониторингі арқылы бақылау жүргізеді. Әшкереленген заңсыз әрекеттердің дәлелдері жинақталады. Мобильді топтар өңірдегі өзен арналарындағы құм мен қиыршықтас қоспасын заңсыз қазғандарға қарсы күрес ашты. Заңсыз жүк тиелген көліктердің жолы жабылып, қылмыстық іс қозғалады.

Түркістан облысы аумағында заңсыз жер қойнауын пайдалану мен қоршаған ортаға аса ірі көлемде залал келтіріп жатқан қылмыстық топтардың әрекетін әшкерелеу мәселесі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Облыс аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге жалпы 110 келісімшарт және 38 лицензия берілген. Бүгіннен бастап лицензия беруге мораторий жарияланды.

«Заңсыз жер қойнауын пайдалану көбейіп кетті. Әсіресе өзендердің бойындағы тас, құм қазғандардың жолын кесіп, қызметіне тосқауыл қою керек. Бұл мәселені аудандарда өткен кездесу кезінде ауыл ақсақалдары көтеріп, алаңдаушылық білдірген болатын. Табиғатқа қиянат жасауға болмайды. Өзен арнасын таба алмай қалдық. Тәртіп орнатпай, тынбаймын»,-деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Құм, тас карьерінің кесірінен өзендер сарқылып, ауылдар сусыз қалып, көпірлер мен жолдар жарамсыз күйге түсуде. Жер қыртысы бүлініп, таудағы бұлақтар тартылып жатыр. Кең таралған пайдалы қазбалардан шағалтас, кұм, топырақ, гипс, ас тұзы, әк-тас секілді пайдалы қазбалары өндіріледі. Құрылыс нысандарының шоғырланған аумағы мен пайдалы қазбалар қорыларының орналасқан орнын ескере отырып, рұқсат құжаттары негізінен Кентау қаласы және Сайрам, Ордабасы аудандары аумақтарына рәсімделген. Заңсыз қызметке тосқауыл қою жолдары талқыланған жиында облыс әкімі құзырлы орган басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Құзырлы органдар тас қазатын жерлерді жауып, рұқсат құжаттардың күшін жою үшін күш салады. Осы уақытқа дейін экологтар тексеріп, заң бұзушылыққа барғандарға айыппұл салумен шектеледі. Отырыста облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Серік Әбдиев жер қойнауын пайдалануды жоюдың бір жолы ретінде қылмысы қайталанғандардың мүлкін заңды түрде тәркілеуді ұсынды. Биылдың өзінде 8 қылмыстық құрамы бар жер қойнауын заңсыз пайдалану фактілері анықталып, 1,827 млрд.тг. көлемдегі қоршаған ортаға келтірілген залалды сотпен мәжбүрлеп өндірілуде.

«ANYQ.KZ» — ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

1 Comment

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.