Қалалық білім басқармасының басшысы «Шымкент Жастар Лигасы» жарысының өтілу барысы жөнінде баяндады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту мақсатында осы жылдың наурыз-маусым айлары аралығында «Шымкент Жастар Лигасы» жарыстары спорттың 4 түрінен (футбол, волейбол, баскетбол, шахмат) өткізілуде.
Әр ауданға қарасты мектептер төрт топқа бөлініп, наурыз-мамыр айларында өзара сынасып, топ жеңімпаздарын анықтайды. Аудандардағы ойындардан соң өз тобынан жеңімпаз болып шыққан 16 мектептің командалары мамыр айында1/8 финалда ойындарды жалғастырады. Баскетбол, волейбол, футбол жарыстарының жеңімпаздары маусым айында Қала күні мерекесінде марапатталады.
Ал шахмат жарысы қыркүйек айында бастау алады. Сонымен бірге, өз мектебінің командасына жігер беріп, рухын көтеру мақсатында мектеп жанынан фан-клубтар құрылды.
Қазіргі уақытта Әл-Фараби ауданында волейбол және футбол жарыстары, Еңбекші ауданында баскетбол жарыстары өтуде.
10 сәуірге дейін футболдан 27 мектеп командасы өзара ойнады, 108 мектеп командалары ойынды енді бастайды. Баскетболдан 94 команда ойын өткізді, 36 мектеп командасы енді ойнайды. Волейболдан 96 команда ойын өткізді, 35 команда енді бастайды. Шахматтан 140 мектеп командасы қыркүйек айында жарысты бастайды.
— Пандемия денсаулық қадірін ұғындырды. Перезидент тапсырмасына сәйкес қалада бұқаралық спортты дамытуымыз керек. Бұл мақсатта қолға алынған Жастар Лигасының маңызы зор. Жастар арасында спортты дәріптеуді одан әрі жетілдіре түсу қажет,- деді қала басшысы.
«ANYQ.KZ» — ақпарат