Бүгін Ордабасы ауданы әкімдігі пресс-тур ұйымдастырды. Ауданы әкімінің орынбасары Азат Оралбаев бастаған жауаптылар журналистерді «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында орналасқан Қарауылтөбе қорғаны тұсынан күтіп алды.
Бұл жерден күтіп алатын жөні де бар. Себебі биыл Тұңғыш Президент күні қарсаңында қазақ даласының құнды жәдігерлерінің қатарына жататын төбеге биіктігі 30 метрді құрайтын тұғырға мемлекеттік ту орнатылған-ды. «Өмір жолы» ЖШС жүзеге асырған жобаның құны: 55 876,780 мың теңге. Дәл осы жерден аудан тарихымен де танысуға болады. Айта өтер жайт, «Қарауыл төбе» б.д.д. V ғ. – б.э. І ғ. кезеңіне жататын археологиялық тарихи орын саналады. 1948 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (А.Н.Бернштам), ал 1964 жылы Шымкент педагогикалық институты археологиялық отрядының экспедициясы (Н.П.Подушкин) зерттеп, қорғанның патшалық қорған қатарына жататынын дәлелдеп, «сақ дәуірінде көтерілуі мүмкін» деген болжам жасады. Үйінді жаугершілік замандарда дабыл қағатын орын ретінде де пайдаланылып келген.
* * *
Бұдан кейін аудан орталығына табан тіредік. Ә дегенде Темірлан ауылының орталығындағы заман талабына сай жаңарған, жаңғырған Қажымұқан һәм Абасов көшелері туралы мағлұмат алдық. Ирригациялық жүйелер, аяқжолдар, орындықтар, көше шамдары – бәрі-бәрі ескеріліпті. Бұл көшелердің бойына 6,7 шақырымды құрайтын веложол да төселген.
* * *
Ал 1,2 гектарға аумаққа орналасқан «Самұрық» аллеясы Темірланның сәулетіне кәдімгідей-ақ сән беріп тұр. Демалыс аймағының құрылысын «А.Р.Т-Құрылыс» ЖШС 246 104 мың теңгеге жүргізіп, Тұңғыш Президент күніне орай пайдалануға беріпті. Нысан республикалық бюджеттен қаржыландырылған. Көркі көз тартатын аллеяда 3 субұрқақ, серуен құрған тұрғындар отырып, дем басатын орындықтар мен жазғы мерекелік іс-шаралар үшін арнайы сахна орнатылыпты.
Сондай-ақ биыл аудандағы орталық мәдениет үйі де күрделі жөндеуден өтіп жатыр екен. Бүгінде мұндағы жұмыстардың басым бөлігі атқарылып үлгеріпті.
* * *
Мұнан соң аудан орталығындағы негізі 1978 жылы қаланған «Черемушки» шағынауданындағы атқарылған жұмыстармен таныстық. Бұл маңда көпқабатты 25 үй орналасқан. Биыл осы үйлердің абаттандырылуына аудандық бюджеттен қаржы қаралып (№1, 2 аулаларға – 48 604 мың теңге, №3 аулаға – 30 647 мың теңге, ішкі көшелердің абаттандырылуына – 38 221 мың теңге), 4 комплект спорт және ойын алаңшалары орнатылған екен. 7 дана қосалқы қойманың құрылысы жүріп, 4 жерге 3 данадан қойма контейнері жаңартылыпты. Сонымен қатар ішкі көшелері асфальттанып, жарықшамдар, орындықтар қойылғанын байқадық. Жепаев атындағы көше де абаттандырылып, асфальт жолы жаңарған. Оған қоса вело және аяқжол салынып, арнайы орындықтар, жарықтандыру құралдары мен торшер қойылыпты. Пресс-турды ұйымдастырушылар осының барлығын «Қазығұрт – Проект» ЖШС мен «Karat-Z» ЖШС атқарғанын айтты.
* * *
Темірландағы ең ірі білім ошағы саналатын Амангелді Иманов атындағы жалпы орта мектепке де күрделі жөндеу жүргізіліп жатқанын алыстан көзіміз шалды. 1966 жылы ел игілігіне берілген «алтын ұяда» бүгінде 144 ұстаз 1325 оқушыны білім нәрімен сусындатып жүр. 2014 жылы күрделі жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңінде 79 млн. теңгеге «А», «Б» блоктарының ішінара ішкі есіктері, едендері, электр желілері, терезелері ауыстырылған. Қазіргі таңда «Д», «Е» блоктарының шатырын ауыстыру, дәліздердің едендерін ауыстыру, ішкі әрлеу жұмыстарын толығымен жүргізу, есіктерді ауыстыру және сыртқы спорт алаңшаларын жөндеуден өткізу жоспарланған. Жалпы, мектеп ғимараты пайдалануға берілгелі, күрделі жөндеу көрмепті. Мердігер компания – «Көкше Строй плюс» ЖШС, жобаның құны – 576 млн. 535 мың теңге.
Бұдан бөлек 1979 жылы салынып пайдалануға берілген С.Сейфуллин атындағы жалпы орта мектебінде 2011 жылы күрделі жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңінде 57 млн. теңгеге «А», «Б», «С» блоктарының шатыры, ішінара ішкі есіктері ауыстырылған-ды. Енді екінші кезеңінде «Д», «Е» блоктарының шатырын ауыстыру, коридорлар мен сынып бөлмелерінің едендерін ауыстыру, ішкі әрлеу жұмыстарын толығымен жүргізу, есіктерді ауыстыру және сыртқы спорт алаңшаларын жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Жобаның құны: 416 млн. 935 мың теңге. Мердігер компания: «Vek stroi KOM» ЖШС. Айта өтейік, мектепте 1400 бала білім алады, 123 мұғалім бар.
Күрделі жөндеу дегеннен шығады, 200 орындық «Диамұр» бөбекжай-балабақшасы 2012 жылы балабақша болып өзгертіліп, пайдалануға берілген-ді, үстіміздегі жылы бұл нысанға да 116 217 662,40 теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мердігер компания: «Ынтымақ Строй» ЖШС.
«Жалпы, Ордабасы ауданында бүгінде 55 балабақша бар, оның 40-ы – жекеменшік. Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беретін бұл нысандарда 8258 бүлдіршін бар. Ауданда балабақшамен қамтылу деңгейі 99,6 пайызды құрады. Балабақшада жұмыспен қамтылған 1989 азаматтың 900-ы – педагог-персонал» — дейді сала мамандары.
* * *
Пресс-тур барысында аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков Жастар орталығы ғимаратында журналистердің қатысуымен брифинг өткізді. Оны Түркістан облысының өңірлік коммуникация қызметі ұйымдастырды. Жиында аудан әкімі жыл бойына атқарылған тірліктер жайын баяндап, Ордабасының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері турасында сөз қозғады. Журналистердің сауалдарына жауап қатты.
«Ауыл тұрғындарының өтінішіне орай, қазіргі таңда Ордабасы мен Бәйдібек аудандарын жалғайтын «Қызыл-сеңгір – Боралдай» арасындағы қара жолға жөндеу жұмыстары басталып, тас төсеуге дайындалуда. 10 шақырымға жуықтайтын жолды «Әділ-Құрылыс и К» ЖШС 55 440 000 теңгеге жөндеп жатыр» деген Н.Тұрашбеков күллі адамзатты алаңдатқан коронавирустен қорғану үшін қандай нақты қадамдар жасалып жатқанын тілге тиек етті.
«Коронавирус пандемиясының ықтимал екінші толқынына дайындық барысында ауданда демеушілердің көмегімен ескі аурухана ғимараты толық күрделі жөндеуден өткізіліп, 100 төсек орынды провизор орталығы ашылды. Соның ішінде, 6 реанимациялық төсек-орын, 20 төсек-орынды обсервация бөлімі бар. Провизор орталығы лас және таза аймақтарға бөлініп, санитариялық-эпидемиологиялық талапқа сай жабдықталды. Барлық керекті қондырғылармен, 3 ауысымдық төсек-орынмен қамтамасыз етілді. Аурухана бойынша барлығы 26 дана өкпені жасанды желдету аппараты, 41 дана оттегі концентраторы бар. Облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан ПТР сынамасын анықтауға «BIO RAD» аппараты орнатылып, провизор бөлімшесінен 4 бөлме зертханалық жұмыстарға қарастырылды. Сараптама жүргізетін маманның арнайы біліктілігі арттырылды. Зертханаға 2 дәрігер, 2 лаборант және 2 кіші қызметкер бекітіліп, жұмыс жүргізуде. Бүгінге дейін жалпы 15 326 азаматтан сынама алынды» — деді аудан басшысы.
* * *
Журналистер түс ауа ауыл-ауылдардағы атқарылған шаруалар жайын көру мақсатында жолға шықты. Сапар барысында Жеңіс ауылындағы ауызсу мәселесімен танысудың сәті түсті. Жеңіс ауылының тұрғындары кермек судан құтылып, таза суға қол жеткізгендеріне ризашылықтарын білдіріп жатты.
Ауызсу демекші, Ордабасы аудандағы 57 елді мекеннің 43-і орталықтандырылған ауызсу құбырымен қамтамасыз етілген. Аудандық бюджеттен осы жылы аудан бойынша 10 елді мекеннің ауызсу жүйелерінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына 167,0 млн. теңге бөлініп, толығымен игерілген. Соның арқасында Мамыр, Ықыластемір, Ұялыжар, Арыстанды ауылдарындағы ауызсу мәселесі түбегейлі шешімін тауып отыр.
* * *
Халықаралық автомагистраль бойын жағалай орналасқан Төрткөл ауылында да ауыз толтырып айтатын дүниелер жеткілікті. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық, облыстық және аудандық қаржы есебінен Жібек жолы көшесіне абаттандыру жұмыстары жүргізіліпті. (Жобаның жалпы құны: 319,436 млн. теңге). Мердігер компания – «Дәулет» ЖШС. Абаттандыру аясында Жастар аллеясы, балалар алаңшасы салынып, стрит воркаут жасақталып, аяқжол мен веложол төселген. Сонымен қатар орталық көше бойындағы саябақтар қоршалыпты.
* * *
Өз кезегінде журналистер Бадам, Қарақұм және Бөген ауылдарына да ат басын бұрды. Бадам ауылында облыстық маңызы бар автожол бойы абаттандырылып жатқанын аңғардық. Құрылыс жұмыстары республикалық және облыстық бюджет есебінен жүзеге асуда. І кезеңіне – 56 560 мың теңге, ІІ кезеңіне де 56 560 мың теңге қаралған екен. «Дәулет» ЖШС-нің аяқжол, веложол салып, көгалдандырумен ғана шектелмей, «Шаңырақ» стелласын орнатуды қолға алғаны қуантты. Сонымен қатар Бадам ауылындағы «Орда» шағынауданының инженерлік-коммуникациялық жүйелерінің құрылысына да қаржы қаралып, ауызсу, электр жүйелерінің құрылысы басталған. Бұдан өзге жол төселіп, пайдалануға берілмек. Жалпы, жобаның сметалық құны 3 млрд. 184 млн. 719 мың теңгені құрайды. Бұл қаржыға 385 гектарға орналасқан 1371 тұрғын үйдің коммуникация мәселесі шешімін таппақ.
Ал Қарақұм ауылында демеушілердің көмегімен ашылған спорт кешенін аралап көрдік. Ауылдағы бос ғимаратты тұрғындар 10 млн. теңгеге жөндеуден өткізіп, ел игілігіне ұсыныпты. Нысан аудандық спорт бөлімінің теңгеріміне алынып, 6 азамат жұмыспен қамтылып отыр, 3 спорт үйірмесі өз жұмысын бастапты.
Мұндай игі бастама Бөген ауылында да жалғасын тауыпты. Мұнда қазір тұрғындар бос ғимаратты жөндеуден өткізуде.
«Жалпы, Ордабасы ауданының спорт саласында мақтанып айтуға тұратын жұмыстар көп-ақ. 2020 жылы жергілікті бюджет есебінен Ұялыжар мен Темірлан ауылынан ашық алаңша мен стрит воркаут алаңшасы ашылды. Аудан орталығындағы саябақ та осындай нысанмен толықты. Көпқабатты үйлердің ауласында 2 ашық алаңша, «Бәйтерек» мектебінің спорт залы мен алаңшасы және «Темірлан» мектебі спорт залы мен алаңшасы, Төрткөл ауылынан стрит воркаут алаңшасы салынды. Бадам ауыл округі, «Ордабасы» мектебінің ескі ғимараты және Төрткөл ауыл округі, «Арыстанды» мектебінің ескі ғимараты аудандық спорт бөлімінің теңгеріміне алынды. Ауданда биыл жалпы 13 спорт ғимараты қолданысқа берілді. Бүгінгі таңда Ордабасы ауданында балалар мен жасөспірімдерге арналған 2 спорт мектебі жұмыс істеп тұр. 10 ауыл округінде спорттың 13 түрінен секциялар бар. Қазіргі таңда 76 жаттықтырушы 1864 баланы спортқа баулып, тәрбиелеуде» — дейді Ордабасы ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков.
P.S. Ордабасы ауданы Нұрбол Тұрашбеков үшін бөтен емес. Еңбек жолын 2001 жылы осы ауданнан бастаған. Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында «Оңтүстік Қазақстан жерге орналастыру ғылыми-өңдірістік орталығы» еншілес мемлекеттік кәсіпорнының Ордабасы жер-кадастрлық бюросында техник-жерге орналастырушы ретінде. Іле-шала Ордабасы аудандық жер-кадастрлық бюросының меңгерушісі болды. Демек, ауданның тыныс-тіршілігін бір кісідей-ақ біледі. Оның үстіне Түлкібас ауданын 3 жыл 2 ай басқарған тәжірибесі бар. Аталмыш ауданның түтінін түзу ұшырып, халқының әл-ауқатын әжептәуір жақсартқанын көріп те, естіп те отырмыз. Халықтан асқан «Күреңбай сыншы» жоқ қой, Н.Тұрашбеков Ордабасыға ауысып кетсе де, түлкібастықтар бұл азаматтың артынан тек жақсы әңгіме айтып жүр.
Бюджеттің ақшасын жаратып, бірдеңе істеу қай әкімнің де қолынан келері анық. Ал жоқтан бар жасап, барды әдемілеп ұқсату – басқа нәрсе. Осы сапардан құлағымыз шалғаны: Нұрбол Тұрашбеков ауданға келгелі, «бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» дейтін мәселеге ерекше көңіл бөліп жатыр екен. Әлбетте, ол үшін «Мен әкіммін ғой» деп шіренбей, кәсіпкердің алдына баруың керек, оны қызықтыратын ұсыныс айтуың керек, көзін жеткізуің керек, сонда ғана ол салығын аудан бюджетіне құяды, сонда ғана ол өзінің ел алдындағы азаматтық, кәсіпкерлік жауапкершілігін сезініп, ауданның көркеюіне үлесін қосады. Ал ауданға басқарушылық, іскерлік қарым-қабілетімен қаржы әкеліп жатқан әкімнің қолтаңбасы тізгінді қолға алған 7-8 айдың ішінде төбе қылтитып үлгергеніне сүйсініп біз қайттық.
Тұтқабай ЕСЕНБАЙҰЛЫ.
I see You’re in reality a just right webmaster.
This website loading pace is incredible. It kind of
feels that you are doing any unique trick. Moreover, the contents are
masterpiece. you’ve done a wonderful task in this matter!
Similar here: zakupy online and also here:
Najlepszy sklep
priligy tablets online Only women of postmenopausal endocrine status should receive Letrezol Actavis
Therefore, children do not benefit from the English grammar aspect of SEE as much as they might; they learn neither proper English grammar nor proper ASL grammar can you buy priligy