Қазақстандық QazVac вакцинасының алғашқы 50 мың дозасы өңірлерге жіберілді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді.
Аталған препаратпен вакциналау 26 сәуірде басталады. Отандық вакцина Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Алматы және Шымкентке жеткізіледі, сол жерден Қазақстанның басқа өңірлеріне жіберіледі.
Ералы Тоғжановтың айтуынша, қазақстандық вакцинаның жасалуы елімізге коронавирус инфекциясына қарсы өз вакцинасын әзірлеген әлемнің бес еліне кіруге мүмкіндік берді. Бұл тек халық денсаулығы мәселесі емес, отандық ғылымның әлеуеті мен биофармацевтикада заманауи технологияларды практикада қолданудың, мемлекет беделінің дәлелі.
– Орташа есеппен айына 500 мың дозада шығады. Ол кезең-кезеңмен жүргізіледі. Бүгін 50 мыңын жөнелттік. Мамырда тағы 50 мың, содан кейін 100 мың, сосын 500 мың жоспарланып отыр. Бұл өте күрделі нысан. Халықаралық талаптар, стандарттар бар. Ең алдымен, ғимараттың өзі тексеріледі, содан кейін барлық жабдық тексеріледі, одан ары 28 сәуірде жеткізілетін құю жабдықтары іске қосылады. Пайдалануға берілетін әрбір жабдық халықаралық стандарттар бойынша валидацияланады, — деді вице-премьер.
Қазақстандағы зауыт толық іске қосылғанша, қазақстандық вакцина Түркияда құйылады.
«Белсенді емес вакцинаның артықшылығы — вакцинаға негізделген ауруларды тудырмайды. Сонымен қатар, QazVac вакцинасын жеткізу үшін күрделі тоңазытқыш қондырғыларды қажет емес, ол тоңазытқышта плюс 2-8 градус температурада тасымалданады», — делінген хабарламада.
«ANYQ.KZ» — ақпарат