Түркістанда «Шаңырақ» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Журналистерге арналған байқаудың негізгі мақсаты — этносаралық татулықты насихаттауда мемлекеттік саясаттың мәні мен мазмұнына тоқталу, қоғамдық келісім мен бірлікті дәріптеу, сонымен қатар ұлттың болмысын аңғартатын дәстүрлердің озық үлгісін көрсету.


Сайысқа облыстық, аудандық, қалалық бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері және штаттан тыс тілшілер мен әлеуметтік желі қолданушылары қатысып, журналистер түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы мызғымас бейбітшілікті насихаттаудағы еңбектерімен сынға түсті.

Байқаудың марапаттау жиынын Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек жүргізіп отырды.

Жиында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Э.Жанғазиева 28 маусым – Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні кәсіби мерекесімен құттықтап, байқауға қатысып, белсенділік танытқан қаламгерлерге алғысын жеткізді.

Дәстүрге айналып үлгерген байқаудың жүлде қоры да қомақты. Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен Төлеби аудандық «Төлеби туы» газетінің бөлім меңгерушісі Төлеген Ахметов І орын иегері атанып, қаржылай 150 000 теңгеге ие болды. Жүлделі ІІ орын иегері атанған «Түркістан» газеті редакторының орынбасары Ләззат Сарыбаева қаржылай 100 000 теңгені жеңіп алса, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің аударма орталығының аудармашысы Несібелі Иманқұлова ІІІ орынды иеленіп, қаржылай 80 000 теңгені қанжығасына байлады. Сондай-ақ, «Шаңырақ» байқауында белсенділік танытқан Түркістан оқушылар сарайының жас тілшілер үйірмесінің оқушылары «Жас қаламгер» номинациясымен марапатталып, 50 000 теңге қаржылай сыйлыққа ие болды.

Мұнан бөлек байқауға қатысқан басқа да журналистерге Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Д.Жүнісовтің Алғыс хаттары мен қаржылай 20 000 теңге ынталандыру сыйлықтары табысталды.

«ANYQ.KZ» — ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.