«Сапалы жол» жобасы аясында жолдардың сапасы зерделенді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті автокөлік жолдарының сапасына сараптама жүргізу арқылы төселген жолдардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға және жолдарды төсеу және жөндеу кезінде туындайтын сыбайлас жемқорлық деректерінің алдын алуға айрықша басымдық беріп келеді.
Осы мақсатта кезекті мониторинг жұмыстары облысқа қарасты Бәйдібек ауданына қарасты көшелерге жүргізіліп, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті жанындағы «Түркістан — Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Ердәулет Әдиат бастаған жұмысшы топ Бәйдібек ауданына қарасты жолдардың сапасы мен қауіпсіздігіне мониторинг жұмыстарын жүргізді.
Жол сапасын сараптау мақсатында жүргізілген қоғамдық бақылау жұмыстарына Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Б.Жанғазиев, «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Түркістан облыстық филиалының өкілі-инженер Е.Сапарбеков, арнайы мониторингтік топ мүшесі Е.Кеңесбеков, аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М.Енжанов, «Бәйдібек – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі А.Абжалов пен мердігер компания өкілдері және БАҚ өкілдері қатысты.
Кешенді мониторингтік бақылау жұмыстары барысында жол құрылысының талаптары тексеріліп, жылжымалы жол зертханалық көлігі арқылы Бәйдібек ауданы, Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Диірмен, Ш.Уалиханов, Ұ.Жұманова, және О.Әбдіраманұлы көшелеріне төселген жолдардың құрамы мен стандарты сараланып, салынған асфальт бетон жамылғысынан кесінділер алынды.
Зерделеу жұмыстарының нәтижесінде Ұ.Жұманова мен 1 көшесінің қиылысындағы суағардың үсті жағы отырғандығы, О.Әбдіраманұлы мен Алдабергенов көшесінің қиылысындағы жері тегіс емес екендігі анықталды.
Төселген жолдардан бірқатар ақаулар байқаған сала мамандары анықталған кемшіліктер бойынша мердігер мекемелерге акт түзіп, компания басшыларына қайта жөндеуден өткізу бойынша ұсыныстарын айтты.
Айта кетсек, алдағы уақытта да Түркістан облысына қарасты барлық қала/аудандардың жолдары жиі бақылауға алынып, «Сапалы жол» жобасы аясында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарына жылжымалы жол зертханалық көліктері арқылы мониторинг жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетін болады.
«ANYQ.KZ» — ақпарат