Еркін күрестен Ресей федерациясы, Башқұрстан астанасы Уфа қаласында өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері Асылжан Есенгелді Келес ауданына келді.
Балуанды ұлықтау шарасына қатысқан Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев Асылжан Есенгелдіге спорттағы еселі еңбегі үшін алғыс білдірді. Алғыс айтып, арқадан қағып қоймай әкім балуанның иығына шапан жауып, демеушілер есебінен тақымына тұлпар салды.
Жерлесіміз дүние жүзінің кіл мықтылары бақ сынаған турнирде еліміздің атынан шығып 57 келі салмақ дәрежесінде белдесіп, қола жүлдегер атанды.
Есенгелді Асылжан Есболұлы 2001 жылы Түркістан облысы Келес ауданы, Біртілек елді мекенінде дүниеге келіп, Республикалық мамандандырылған спорт мектебінің түлегі атанған. Намысты додада бағымен бабын Қазығұрт төріндегі Қақпақ ауылында өткен еркін күрестен жүлделі 2 — орынды иеленіп бастап, 2016 жылы Арыс қаласында жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлаған. Сол жылы Сайрам ауданында Шадиев турнирінде екінші орынды, Интернаттар арасында өткен еркін күрестен бірінші орынды олжалаған. Сондай-ақ еркін күрестен Қазақстан чемпионатынан жүлделі бірінші орынын алып, өңірдің мерейін үстем еткен. Жас балуан Республикалық турнирлерде топ жарғаннан соң әлемдік ареналарда да бой көрсете бастайды. Сөзімізге дәлел Қырғызстанда өткен «Ражаб Жанай» турнирінен екінші орынды иеленген болса, Румынья елінде өткен турнирде жүлделі екінші орынды қанжығалады. Осы секілді жетістіктерімен еліміздің мерейін асқақтатып жүрген жас спортшының алдағы арманы – олимпиада ойындарында бақ сынып, жеңіс тұғырынан көрінсем дейді. Еркін күрестен өткен Әлем чемпионатындағы Есенгелді Асылжанның жеңісі — оның туған өңірі Келес ауданы үшін биік мәртебе.
«ANYQ.KZ» — ақпарат