Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жоғалған 7 адамның бүгін үшеуі табылды.
Қазір олардың жағдайлары қанағаттанарлық, медициналық көмекке мұқтаж емес. Қалған туристерді іздестіру жұмыстары жалғастырылуда. Бұл туралы брифингте облыстық ТЖД бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев мәлімдеді.
Табылған азаматтар Өгем шатқалында жыраға түсіп кеткен. Сағат 13:10 шамасында табылып, сағат 13:45-те әуеде екі тікұшақпен құтқарылған. Олар Ақтөбе, Орал, Жезқазған өңірінің тумалары.
«Құтқарылғандар Төлеби ауданында орналасқан жедел штабқа туыстарына жеткізілді. Қалған 4 азаматты іздестіру жұмыстары жүруде. Құтқарылған азаматтардың айтуынша, олар 25-мамыр күні ауа райының қолайсыздығына байланысты адасып, сондай-ақ арасында сырқаттанып қалған адам болғандықтан 2 топқа бөлініп, жоспарлы маршруттан ауытқып кеткен», — деді Ерік Темірханұлы.
Шұғыл іздестіру жұмыстарына құтқарушылар, полиция қызметкерлері, шекара қызметінің ат патрулі, ұлттық парк қызметкерлері және жоғалған адамдардың туыстары, сондай-ақ «Қазавиақұтқару» мекемесінің екі тікшағы жұмылдырылған.
«ANYQ.KZ» — ақпарат