“Nur Otan” партиясы Шымкент қалалық филиалы бастамасымен қаламыздағы тарихи орындардың бірі А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябаққа 100 түп көпжылдық ағаш көшеттері отырғызылды.
Бұл туралы Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы хабарлайды.
Аталған акцияға “Nur Otan” партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева, қалалық «Әйелдер қоғамының» төрайымы Баян Жандасова, «Азаматтық Альянс қауымдастығы» мүшелері қатысты.
— Қасиетті Рамазан айын тал отырғызып, сауапты істерден бастап жатырмыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында елімізде 2 млрд. ағаш отырғызылуы жайлы айтып өткен болатын. Шымкентті жасыл қалаға айналдыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық кеңес мүшелері мен аудан белсенділері атсалысты. Бүгінгі акцияда боз арша, үйеңкі, шаған, қара тал көшеттері егілді, — деді «Азаматтық Альянс қауымдастығының» президенті Жұмағали Білісбеков.
Айта кетейік, күні кеше Қаратау, Абай және Еңбекші аудандарында 1700 түп көшет егілген болатын.
«ANYQ.KZ» — ақпарат