Шымкентте азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша күнделікті мониторинг жүргізіледі

Күнделікті жүргізіліп отырған мониторинг бойынша бүгінгі күнге қаланың ішкі нарығындағы әлеуметтік маңызы бар 19 негізгі азық-түлік тауарларының шекті баға деңгейімен салыстырмалы көрсеткіші бойынша 3 өнімде өсім байқалса, қалған өнімдердің бағасы шекті баға деңгейінде, яғни бір қалыпта тұр.


Бұл туралы бүгін ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы А.Қаныбеков қала әкімдігінің «Instagram» және Facebook парақшасында өткен тікелей эфирде мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгінгі күні қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағаларын тұрақтандыру мақсатында жұмыс тобы мен тұрақтандыру қорын басқару комиссиясы жұмыс жасайды.

«Жалпы халық күнделікті бірінші кезекте тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары басты назарда. Бүгінде азық-түлік тауарларының бағасы өндірушінің өзіндік құнының артуымен және өндірісте пайдаланатын шикізат бағасының өсуіне байланысты қымбаттап отыр. Осы орайда, қаламызда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру шаралары шеңберінде бірқатар жұмыстар атқарылды»,-деді басқарма басшысы.

Мәселен, әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсірмеу мақсатында ірі сауда желілері, азық-түлік базарлары және жергілікті тауар өндірушілері мен екі жақты ортақ 14 меморандумға қол қойылды. Сонымен бірге, тұрақтандыру қорының айналым механизмі бойынша ірі сауда желілері «Грамад», «Фиркан», «Magnum Cash&Carry» және жергілікті тауар өндірушілері, кәсіпкерлік субъектілеріне айналымға қарыз қаражат беріліп, келісім шарт түзіліп, бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары белгіленген бағада сатылуда.

Бұдан бөлек, бірінші қажеттіліктегі негізгі азық-түлік бағаларын тұрақтандыру аясында қаланың 8 жерінен «Hermes» ЖШС-нің жылжымалы әлеуметтік сауда нүктелері ұйымдастырылып, көкөніс өнімдері белгіленген бағада сатылуда.

Әр апта сайын тұрақты түрде қаланың 4 жерінде азық-түлік жәрмеңкелері өткізілуде («Фосфоршылар» мәдениет үйінің алды, «Қажымұқан» атындағы орталық стадион аумағы, «1000 ұсақ-түйек» сауда қатары, «Рахима Плаза» сауда орталығының жаны).

Бұған қоса, халықтың тығыз орналасқан аймағында (Еңбекші ауданы, Елшібек батыр көшесі №116) әлеуметтік дүкен ашылып, күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарлары төмен бағада сатылуда.

«ANYQ.KZ» — ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.