Шымкенттік кәсіпкер Рамазан айында 500 отбасыға азық-түлік таратты

Шымкент қаласы әкімдігі мен Шымкент орталық мешітінің ұйытқы болуымен үшінші мегаполисте қайырымды істер акциясы жалғасуда. Nur Otan партиясының қолдауымен сондай іс-шараның бірі бүгін Еңбекші ауданында өтті.


Әлеуметтік әлсіз саналатын 500-ден астам отбасыға азық-түлік таратылды. Қайырымдылық іске Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Бәйкен Әшірбаев демеушілік етіп отыр.

– Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бастамасымен «Рамазан – қайырымдылық айы» акциясы өтіп жатыр. Соған қаламыздың тумасы ретінде өз үлесімізді қосып, көмек көрсетуді жөн көрдік. Қандай іс-шара болса да елдегі ауызбіршіліктің нәтижесінде ұйымдастырылатынын ұмытпаймыз. Бірге болсақ, барлық қиындықты жеңіп шығамыз, — деді Бәйкен Әшірбаев.

Партия өкілдерінің айтуынша, тұрғындардың өтініші ескеріле отырып, кәсіпкер азаматтарға ұсыныс жасалып, мұқтаж отбасыларға көмек берілуде.

– Бұған қоса «Бақытты отбасы», «Халыққа көмек», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Құтты мекен» партиялық жобалары жүзеге асырылуда, — деді Nur Otan партиясы Еңбекші аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жандос Қамбарбеков.

Осылайша Еңбекші және Қаратау ауданына қарасты Қаратөбе, Жұлдыз, Сайрам елдімекендерінің тұрғындарына ұн, май, шай, күріш және макарон қораптары бөлінді. Ауыл билерінің қадағалауымен азық-түлік көліктерге тиеліп, карантиндік талаптар ескеріліп, отбасыларға үлестіріледі.

Қайырымдылық шарасында Еңбекші ауданы, Жұлдыз елдімекенінің тұрғыны Гүлсара Жоланова өз алғысын жеткізді.

– «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халқымыз. Карантин кезінде елім деген азаматтардың қолдауымен осындай қайырымдылық шаралар ұйымдастырылып, азық-түлік жағынан көмектесіп отыр. Үш баланың анасы ретінде алғысымды айтамын, — деді ол.

Айта кетейік, қасиетті Рамазан айы 12 мамырға дейін жалғасады. Биылғы пітір садақа 420 теңге болып белгіленген. Бүгінде қала бойынша көмек алушылардың базасы жасалып, «Рамазан – қайырымдылық айы» қайырымдылық шарасы шаһардағы «Ақмешіт», «А.Қаттани», «Байғұт баба», «Нұр-Төбе», «Сайрам», «әл-Біләл» мешіттері таңдалып, орталықтандырылды.

«ANYQ.KZ» — ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.