Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Шымкент қаласының бас имамы Б.Абдрахманов пен бас имамның орынбасары М.Естеміровтің қатысумен брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде бас имам Рамазан айының ережесі мен тәртібі, мешіттерде тарауих намазының оқылу шарттары бойынша сөз қозғады.
– Рамазан – барша мұсылманның сағына күтетін қасиетті Құран Кәрім аяттары түсе бастаған мүбарак ай. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Шариғат және пәтуа» бөлімі биылғы Рамазан айының нақты уақытын бекітті. Ол бойынша Оразаның бірінші күні 13 сәуірге тура келеді. Ал алғашқы тарауих намазы 12 сәуір күні оқылады. Бірақ карантиндік шектеулерге байланысты мешітте жаппай оқуға рұқсат жоқ. Дегенмен санитарлық талаптарды сақтай отырып, онлайн режимде уағыз-насихат және сұрақ-жауап жұмыстарын жалғастырамыз, – деді Бақдаулет Нұрматұлы.
Бас имамның айтуынша, эпидемиологиялық ахуалға байланысты Хатым Құран мешіттерде онлайн түрінде оқылады. Сондай-ақ, Б.Абдрахманов ПТР тестін тапсыру мен вакцина салдыру оразаны бұзбайтынын жеткізді.
Брифинг барысында бас имамның орынбасары Мұхамеджан Жамантайұлы ораза уақытында пітір садақа беру мәселелеріне тоқталды.
– Рамазан айында барша мұсылман ораза ұстап, таң сәресінен күн батқанша түрлі жаманшылықтан өзін тыяды. Яғни пітір садақа мен зекет беріп, жақсылыққа ұмтылады. Бұл ретте карантин режимінде биылғы оразада Шымкент қаласының Бас санитар дәрігерінің Қаулысы бойынша ауыз ашар беру рәсімі тоқтатылып отыр. Сол себепті пітір садақа «Рамазан қоржынына» салынып, мұқтаж отбасыларға азық-түлік түрінде жеткізіледі, – деді М.Естеміров.
Айта кетейік, елімізде осы жылғы пітір садақа көлемі – 420 теңге. Бұл 2 келі ұнның орташа бағасына сәйкес келеді. Сонымен қатар пітір садақасын мейізбен берем дегендер үшін 3 580, құрмамен есептесе 7 300, ал фидия құны 2 500 теңге деп бекітілген.
«ANYQ.KZ»-ақпарат