Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өткен кеңесте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің қалалық департаментінің басшысы Асхат Жұмағали бизнесті қорғау басты назарда екендігін жеткізіп, бизнес пен инвесторларды қорғау жобасы (Protecting Business and Investments) аясында бүгінгі күні 72 млрд. теңгеге 35 инвестициялық жоба сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеумен қамтылғандығын атап өтті.
«Бизнесті қорғау шеңберінде барлығы 19 кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қалпына келтіріліп, олардың қызметіне заңсыз араласқаны үшін 7 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды» — деді спикер.
Кеңес барысында бағынышты қызметкерлердің арасындағы сыбайлас жемқорлық үшін басшылардың жеке жауапкершілігі, мемлекеттік сатып алудан үнемделген қаржылар, жол сапасына мониторинг жұмыстарының барысы да хабарланды.
Ұжымдарда парасаттылық қағидаттарын – адалдық, әділдік, әдептілік және сатылмаушылық құндылықтарын енгізуге баса назар аударылып жатқандығы жеткізілді.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстар бойынша Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы С.Ергешов пен жер қатынастары басқармасының басшысы Б.Әшірбеков баяндама жасады.
Басқосуда қоғам мен мемлекет игілігі үшін сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында күш біріктіру қажеттілігі де айтылды.
Айта кетейік, жыл басынан Департаментпен 73 қылмыс тіркелген, олардың ішінде парақорлық (43), алаяқтық және жымқыру фактілері (18) басым.
«ANYQ.KZ»-ақпарат