Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позилов және №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері А.Донбайдың қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде Бақытжан Жолдасбекұлы мегаполистегі трансплантологиялық оталар төңірегінде кеңінен баяндады.
– Бүгінде елімізде ағзаны трансплантациялауға үлкен көңіл бөлінуде. Соңғы статистикаға сүйенсек, Шымкент қаласы мен Түркістан облысында бауыр трансплантациясына – 50, бүйрек трансплантациясына – 1 076 адам мұқтаж. Бұл ретте №1 қалалық клиникалық ауруханасы адам органдарын ауыстырудың хирургиялық тәжірибесі тұрғысынан Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан кейінгі үшінші орында тұр. Алдағы уақытта аталған клиникалық аурухананы еліміздегі трансплантологиялық орталыққа айналдыруды көздеп отырмыз. Осыған орай биыл шетелдік әріптестермен «туыстық бауыр трансплантациясы» бойынша 2 шеберлік сабағын өткіздік, – деді Б.Позилов.
Спикердің айтуынша, қаладағы дәрігер-трансплантолог мамандарды алыс және жақын шетелдерге біліктілігін арттыру курстарына жіберу жоспарланған. Одан бөлек, Шымкентте трансплантология, гепатологиялық және гемодиализ орталықтарын ашу көзделіп отыр.
Брифинг барысында №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Абылай Донбай қаладағы өз жақындарына донор болған туыстық оталарға тоқталды.
– Шымкент қаласында ең алғашқы бүйрек трансплантациясы 2013 жылы басталды. Ал 2014 жылы бауыр ауыстыру тәжірибесін қолға алдық. Бүгінге дейін үшінші мегаполисте трансплантология бойынша бүйрекке 166, бауырға 24 ота жасалды. Ал биыл шеберлік сабағы аясында жеті жыл бауыр циррозымен ауырған 53 жастағы Гүлмира Көшкінбаеваға жедел түрдегі бауыр трансплантациясы қажет болды. Науқастың ұлы Бауыржан Бүркітбаев өз еркімен донор болуға келісті. Одан бөлек, 43 жастағы науқас Нұрғазы Бұйрабаевтың бауырына ота жасадық. Ол кісіге әпкесі Толқын Бұйрабаева донор болды. Нәтижесінде, екі операция да сәтті аяқталды. Қазіргі таңда бәрінің жағдайы қанағаттанарлық, – деді Абылай Әбдіжаппарұлы.
Білікті трансплантолог дәрігердің сөзінше, бауыр мен бүйрек трансплантациясын жүргізу пациенттердің өлімін азайтуға және өмір сүру ұзақтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, жоғарыда аталған оталарды реципиентке (науқас) Склифосовский институтының дәрігерлері профессор М.С.Ноурузбаев, м.ғ.д. О.Д.Олисов және Б.С.Байтөре, ал донорға №1 қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері А.А.Донбай, Д.А.Қабылов және Р.Ж.Үмбетжанов жасаған.
«ANYQ.KZ» — ақпарат