Шымкент қаласындағы көрікті демалыс аймақтарының бірі — А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақ. Саябақ 5 тамыздан бастап тұрғындарға қайта есігін ашты. Карантин режимін сақтай отырып таңғы 9:00-ден кешкі 19.00-ге дейін жұмыс жасауда. Мұнда биыл 128 170 демалушы келген, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Дендросаябақ — жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Салық кодексіне сәйкес мұндай аумақтарды пайдаланғаны үшін төлем мөлшері 0,01 АЕК болып белгіленген. Соған сәйкес саябаққа кіру құны — 27.78 теңге. Бұл мемлекет меншігіндегі өзге орталықтармен салыстырғанда ең арзан баға. Келушілерден түскен қаржы қала бюджетіне құйылады.
Айта кету керек, саябақ аумағына таңғы уақытта кіретін мемлекеттік қызметтен зейнетке шыққан азаматтар мен ардагерлер үшін арнайы 1 айлық абоненттік карта қарастырылған.
Сондай-ақ саябаққа өзіңіздің жеке скейтборд немесе велосипедіңізбен келіп серуендеуіңізге болады. Саябақта күнделікті суару, тазалық, бауды күтіп-баптау жұмыстары жүргізіліп тұрады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат