Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушысы Ерман Бекмұратовтың қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде Ерман Нұрланұлы басқарма тарапынан 2021 жылдың І тоқсанында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
– Осы жылдың алғашқы үш айында басқармаға 19 850 хат пен өтініш келіп, 4 733 шығыс хаты жолданды. Ал жалпы құжат айналымы 24 583-ті құрап отыр. Сонымен қатар жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау, азаматтық құқықтық актілерін тіркеу және көші-қон мәселелері бойынша біршама іс атқарылуда. Тарқатып айтсақ, биыл халықты жұмыспен қамту бағытында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 885 адамға көмек көрсетілді. Оның 2 430-ы бос жұмыс орындарына, 109-ы әлеуметтік жұмыс орындарына, 568-і жастар практикасына, ал 2 778-і ақылы қоғамдық жұмыстарға жолданды. Сондай-ақ, 229 мүмкіндігі шектеулі азамат әлеуметтік қолдауға ие болды, – деді Е.Бекмұратов.
Спикердің сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» осы жылы да өз жалғасын таппақ. Яғни 2 бағытта 13 жоба іске асырылып, 392 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Одан бөлек, жыл басынан бері ардагерлер мен аз қамтамасыз етілген 11 745 азаматқа 240,7 млн теңге көлемінде ай сайынғы және бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілген. Бүгінде мүгедектігі бар адам қажетті құралдар мен қызметтерге өзінің электрондық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалана отырып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс бере алады. Осының нәтижесінде қалада мүгедектік санатындағы 2 510 азамат 488 445 құралмен (сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдар, протездік-ортопедиялық көмекке және техникалық көмекші құралдарға, т.б.) қамтамасыз етілген.
Брифинг барысында Ерман Нұрланұлы азаматтық құқықтық актілерін тіркеу, көші-қон мәселесі және оралмандармен жұмыс жасау мәселелеріне де тоқталды.
– Басқармада азаматтық құқықтық актілерін тіркеу бойынша осы жылдың үш айында 6 579 хат қаралып, 15 068 азаматтық хал актісі тіркелді. Ал қала бойынша 340 отбасы (464 адамға) оралман мәртебесін алып, оны 6 айға ұзартқандар саны 88 отбасыны (106 адамды) құрады. Сондай-ақ, ҚР заңнамасына сәйкес, Шымкентте оралмандар мен олардың отбасы мүшелерін бейімдеу және ықпалдастыру орталығы ұйымдастырылған. Бүгінде орталықта 14 отбасы (29 адам) қоныстанып, бейімдеуден өтуде, – деді ол.
Сонымен қатар спикер жыл басынан бері 34 862 отбасыға (172 089 адам) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғанын жеткізді. Ал аталған отбасыларға «Грамад» сауда орталығы арқылы 47 244 дана кепілдендірілген әлеуметтік топтама таратылған.
Айта кетейік, еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты 1 сәуірден бастап мемлекет тарапынан көмек алуға құқылы отбасылардың өтініштері «E-gov» (электрондық үкімет порталы) арқылы онлайн форматта қабылдануда. Ол үшін аз қамтылған азаматтар мен көп балалы отбасылардан өтініш берушінің электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы керек.
«ANYQ.KZ» — ақпарат