Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов онлайн-брифингте мәлім етті.
Елімізде төтенше жағдай тоқтатылғаны, карантиндік шектеулер алынады деген сөз емес. Соңғы күндері тұрғындардың карантинге салғырт қарауынан вирустың таралуы күрт артты.
Күнделікті Covid-19 тіркелген азаматтардың санының өсуіне байланысты 18 мамырда шектеулердің алынуы жоспарланған, бірақ, қоғамдық тамақтандыру орындары, діни нысандар, балабақшалар, фитнес орталықтар, білім үйірмелері ашылмады.
Ал бүгінгі эпидемиологиялық ахуалға байланысты бас санитарлық дәрігердің қаулысымен карантиндік шектеулер 2 апта мерзімге яғни, 8 маусымға дейін ұзартылды.
Елімізде төтенше жағдай енгізілгелі, қалада 30 мыңнан астам медицина мамандары мен полиция, әскери қызметкерлері тынымсыз күндіз түні аянбай еңбек етуде. Алайда, мемлекеттік ұйымдардың күшімен ғана вирусты еңсеруге болмайды. Сондықтан, қоғам болып қоғамдық орындарда маскалық режимді сақтау, қолды жиі жуу, антисептик қолдану, қарапайым санитарлық талаптарды қатаң сақтау қажет.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.