Шымкент қаласы аумағында кеміргіштерге қарсы залалсыздандыру жұмыстары басталды.
Маусымдық кезеңге орай бұл жұмыстар 10 мамырға дейін жалғасады.
Дератизация жұмыстары көпқабатты тұрғын үйлердің қоқыс тастайтын жәшіктеріне, қаладағы өзен-каналдар аумағына жергілікті бюджет есебінен тегін жүргізілетін болады. Атап айтқанда, биыл көктемгі кезеңдегі жоспарға сәйкес, залалсыздандыру жұмыстарын 16 844 шаршы метр қоқыс тастайтын жәшіктер мен 1 081 840 шаршы метр өзен-каналдар аумағына жүргізу жоспарланған.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында кеміргіштерге қарсы дератизацияға «Дезинфекция» медициналық мекемесінің 5 топтан құралған 20 маманы жұмылдырылған.
Бүгінгі таңда бұл жұмыстар Еңбекші және Әл-Фараби аудандарында басталып, 6634 шаршы метр қоқыс тастайтын жәшіктер залалсыздандырылды. Алдағы уақытта жоспарға сәйкес, Қаратау және Абай аудандарында жалғасып, сонымен қатар қаладағы өзен-каналдар аумағына да жүргізілетін болады.
«ҚҰРМЕТТІ, ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ! Көпқабатты және жеке үйлердің тұрғындары кеміргіштерге қарсы қойылған арнайы қармақжемдерді балаларыңыздың ұстамауына және үй жануарларыңыздың жеп қоюына абай болуларыңызды сұраймыз»,-дейді «Дезинфекция» медициналық мекемесінің мамандары.
«ANYQ.KZ» — ақпарат